Алматыда заңсыз салынып жатқан көпқабатты үйді бұзу басталды
Қала әкімі Ерболат Досаев заңсыз құрылысты бақылауды күшейтуді тапсырған
Алматыда сот шешімімен ірі құрылыс нысанын бұзу жұмыстары басталды. Өңірдегі қала құрылысын бақылау басқармасы мәлім еткендей, Достық даңғылы, 170/1 мекенжайында орналасқан ғимарат толық сүріледі.
Аталған учаскедегі құрылысты меншік иесі осыдан 19 жыл бұрын бастаған. Алайда түрлі себептерге байланысты салынбай қалды. Кейін учаске өзге меншік иесіне беріліп, ол қолында келісілген эскиздік жоба, құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау туралы хабарлама, авторлық және техникалық қадағалау болмаса да құрылысты жалғастырған әрі аумақта заңсыз сауда нысандарын тұрғызған.
Осыған байланысты басқарма Медеу аудандық сотына ғимаратты бұзу туралы талап арыз түсірді. Сот оны қанағаттандырды.
Еске сала кетсек, бұған дейін Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев заңсыз құрылысты бақылауды күшейтуді тапсырған болатын.
Жалпы, қала бойынша 36 заңсыз нысан толығымен және ішінара бұзылған. Оның ішінде бизнес-орталықтар, мейрамханалар, толықтырулар мен автосервистер, «Мечта» және KHAN сияқты ірі тұрғын үй кешендері бар.