Halyq Uni логотип
×

Шахматтан АЧ: рапидтен чемпиондар анықталды

Командалық рейтинг бойынша Қазақстан 4 алтын, 3 күміс, 1 қола жүлде алды

 Дастан Жұмабекұлы 12.06.2024 | 11:08
Шахматтан АЧ: рапидтен чемпиондар анықталды
Фото: Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы

Шахматтан Алматы қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы XVI Азия чемпионатында рапид сайысында чемпиондар мен жүлдегерлер анықталды, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы.

Оның нәтижесінде елімізден төрт ойыншы, ФИДЕ, яғни Ресей мен Үндістаннан үш-үш адамнан, Вьетнам мен Ираннан бір-бір шахматшыдан чемпион атанды.

Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде екі күнге созылған сайыста 7 жастан 18 жасқа дейінгі 630-ға жуық өрен рапид бағдарламасы бойынша «15+10» жүлдені сарапқа салды. Олар ерекше жүрістерімен тек қана жанкүйерлерді ғана емес, сонымен қатар гроссмейстер Мұртас Қажғалиев пен төреші Олжас Меңғалиды таңғалдырды.

Бір жағынан бұған таңғалудың да жөні жоқ.  Өйткені, бұл турнирге Ресейдің 15 жастағы атақты спортшысы әрі екі дүркін әлем чемпионы Анна Шахман, ересектер арасында былтырғы Қазақстан чемпионы Алдияр Аңсат қатысып жатыр. Алдияр Аңсат 15 шілдеде 16 жасқа толады. Екі шахматшы 18 жасқа дейінгілер санатында өнер көрсетті.

Рапид пен блиц секілді жылдам шахматта атақты әрі рейтингте жоғары спортшылардың жолдары үнемі бола бермейді. Әсіресе, 7 турдан тұратын «швейцар» жүйесінде оңай емес.

Мұндай жағдай U16 санатында бақ сынаған Зарина Нұрғалиевада (рейтинг – 2103!) тіркелді. Зарина Нүрғалиева алғашқы күні 1½ ұпай жоғалтуының кесірінен жүлделі үштікке де кіре алмады. Ал жоғары көтерілу мүмкін де емес еді. Себебі, Иран өкілі Махса Алави (1962) барлық қарсыласын жеңсе, моңғолиялық ойыншы Хуслен Эрденебаяр 6 ойында жеңіске жетіп, күміс жүлде иеленді.

Бәсекелестіктің жоғары болғаны сонша, ТОП-10-ға U12 санатында сириялық Мазен Фенди (2138) мен ресейлік Анастасия Барабаш (1938) кіре алмады. Бұл жерде отандық шахматшы  Сүлейман Ахмет (2027) пен үндістандық Пратити Бордола (1587) 6½ ұпаймен жеңіс тұғырынан көрінді, – делінген хабарламада.

Бәсекелестік бойынша бірінші және екінші орындарды бір мемлекетке бұйырған сәттері екі ғана санатта тіркелді. U8 санатында Адинұр Әділбек пен Ризат Ұлан және U16 санатында вьетнамдық Динь Ньо Кьет пен Тран Нгок Минь Дуй дубль жасады.

Бір қызығы, Адинұр Әділбек – Динара Садуақасова атындағы академияның шәкірті. Биыл қаңтар айында Шымкентте өткен ел чемпионатында классикада небәрі 5-орынға тұрақтаған. Блиц пен рапидте де жүлде алмады. Енді ол рапидтен Азия чемпионы атағына ие болды, – деп хабарлады ТСМ Спортты дамыту диекциясы.

Биыл 8 елдің жас шахматшылары рапидтен чемпион атанды. Командалық рейтинг бойынша Қазақстан 4 алтын, 3 күміс, 1 қола (барлығы 8 жүлде) қарсылас шақ келтірмеді. ФИДЕ атынан қатысқан Ресей 3 алтын, 2 күміс, 6 қола алса, 3-орын 3 алтын, 1 күміспен Үндістанға бұйырды. Вьетнам 1 алтын, 1 күміс, 4 қола және Иран 1 алтын медальді иеленді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама