Әлеуметтік желіде Шымкент тұрғыны жат ағымның жетегінде кеткендер мен «Ділмұрат ахиге» қатысты үндеу жариялады
Әлеуметтік желіде Шымкент тұрғыны жат ағымның жетегінде кеткендер мен «Ділмұрат ахиге» қатысты үндеу жариялады, – деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мен өзімнің және бала-шағамның қауіпсіздігі үшін аты-жөнімді айта алмаймын. Мен Шымкент қаласының тұрғынымын. Намазға келгелі бері жат ағымдағы бауырға тұрмысқа шыққалы бері, оның айтуы, мақтауы бойынша сіздің (Ділмұрат ұстаз – авт.) уағыздарыңызды тыңдап келгенмін. Сіздің шәкіртіңізбін деп жүрген жат ағымдағы бауырға тұрмысқа шықтым. Көп ұзамай, өзімнің бауырым деген екінші салаф бауырға мені сый ретінде, зат ретінде сыйлады. Осылай екіншісі үшіншісіне, үшіншісі төртіншісіне зат ретінде сыйлап кете берді. Әр тұрмыста мен балалы болып отырдым», – дейді ол.
Видео авторы қаншама қыз-келіншек Ділмұрат ұстаздың уағызын тыңдаймыз деп, салаф бауырларға тұрмысқа шыққанын, қанша бала жетім қалып, әйелдер жесір қалып, көшеде жүргенін айтты.
«Имамдарды тыңдама дейсіздер, олар адасушы дейді. Олар емес, сіздер адасқансыздар. Шетелге қашып, елге іріткі салып, қазақ келіншіктерін жақсы жолдан тайдырып, шүберек қылып пайдалануға насихаттап отырған сіздерсіздер. Қыз-келіншектерге айтарым, салаф бауырлардың алдауы мен арбауына түспеңдер. Тұрмысқа шықпаңдар. Жәннат кілті – ана табанының астында. Менің көз жасым, балаларымның көз жасына қалған Ділмұрат ақыретте көз жасымның ақысын сізден аламын. Қыз-келіншектердің жылауына, көз жасына сен жауаптысың», – дейді видео авторы.