×

Биыл Қазақстандағы ең ұзын көпір пайдалануға беріледі

Марқакөлге баратын жол айтарлықтай қысқарады

 Дәурен Ерболат 11.06.2024 | 19:10
Фото: kazkurort.kz

Биыл ШҚО-дағы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін еліміздегі ең ұзын көпір пайдалануға беріледі. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, аталған жоба Кеңес одағында және тәуелсіздік уақытында ұзақ талқыланған.

Жалпы Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су қоймасы арқылы (көпір салу) 60 жылдан аса уақыт талқынған жоба болды. Биыл Қазақстандағы ең ұзын көпірді іске қосамыз. Мемлекет басшысы сол жобаны іске асыруға тікелей тапсырма берді, - деді Марат Қарабаев министрлікте өткен баспасөз мәслихатында.

Министр нысан салынса, еліміздегі ең ұзын көпір болатынын атап өтті.

Көпірдің ұзындығы – 1 316 метр. Нысанның екі жағында көпірге қосылатын 20 шақырымда жол болады. Көпір республикалық бюджеттің қаржысы есебінен салынады. Кейін нысан жергілікті атқарушы органға беріледі. Биыл көпірдің құрылысын толық бітіреміз, - деді ведомство басшысы.

Марат Қарабаев бүгін өңірдегі халық жолға көп уақытын жұмсайтынын жеткізді.

Қазір ондағы халық (тиісті жерге бару үшін Бұқтырма су қоймасынан) паром және айналма жол арқылы өтіп жүр. Қыста айналма жолға 6 сағат уақытын жұмсайды. Сосын паромнан өткенде бірнеше апатты жағдай да болды. Адамдардың, көліктің суға түсіп кету жағдайы тіркелді. Енді мұның барлығы болмайды. Ел арасында байланыс күшейіп, Марқакөлге баратын жол айтарлықтай қысқарады. Нысан Қазақстандағы ең ұзын көпір болады, - деді министр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама