Елизавета Склярова қола медаль иеленді
Бүгін Алматы қаласында тас жолдағы велоспорттан Азия чемпионатының кезекті жарыс күні болды.
23 дейінгі қыздар арасындағы 112,6 шақырым топтық жарыста ұлттық құраманың спортшылары қос жүлдені жеңіп алды. Отандасымыз Ақпейіл Өсім мәре сызығын 2:56:51 уақыт көрсеткішімен бірінші болып кесіп өтсе, Елизавета Склярова қола медаль иеленді. Күміс жүлде индонезиялық Девика Соваға бұйырды.
Азия чемпионатында жеңіске жеткен велошабандоздар ел намысын абыроймен қорғап, намысты қолдан бермейтінін айтты.
Бірінші келгеніме әлі де сене алмай тұрмын. Жарыста қарсыластармен ғана емес, ыстық ауа райымен де күресуге мәжбүр болдық. Бірақ, сонда да жеңілмеуге тырыстық. Мақсатымызға жеттік, қуаныштымын, – деді Ақпейіл Өсім.
Азия чемпионаты ертең аяқталады.