Онлайн өмірдегі заң мен тәртіп: Қазақстанда интернет алаяқтықпен күрес қалай жүргізіліп жатыр?

Халық үні
фото: Halyq Uni

Қазақстан көп жылдан бері қоғамда заң үстемдігін құрып, құқық бұзушылықтың кез келген түріне төзбеушілік қағидасын қалыстастырып келеді. Бұл интернет желісіне де қатысты болып отыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Соңғы жылдары еліміздегі цифрландырудың қарқынды дамуымен қатар интернет кеңістігінде жасалатын құқық бұзушылық та артты. Соның ішінде ең жиі кездесетіні – интернет алаяқтық.  ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбайдың мәліметінше, биылғы жылдың үш айында елімізде интернет алаяқтықтың 3 мыңнан астам фактісі тіркелген.

Олардың заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде қазақстандықтарға 4 млрд теңгеден астам материалдық залал келтірілді. Елімізде интернет алаяқтықтың бірнеше түрі кең таралған. Атап айтқанда әлеуметтік желілердегі жарнамалар мен белгілі сауда алаңдарындағы хабарландырулар арқылы жасалатын интернет сауда көш бастап тұр, - деді ол.

Оның айтуынша, алаяқтар интернетте тауардың немесе қызметтің құнын нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен ұсыну арқылы, қазақстандықтарды арбап отыр. Әрі бұл үшін 100 пайыз төлемді сұрайды. Биыл жыл басынан бері 1 мыңнан астам қылмыс тіркелген.

Алаяқтардың қақпанына түспеу үшін азаматтарымызға біріншіден тек тексерілген сайттардан ғана сауда жасауға кеңес береміз. Екіншіден, тауардың құның оны тек қолға алғаннан кейін төлеуге кеңес береміз. Үшіншіден, онлайн сауда жасағанда тауардың барына көз жеткізіп алған жөн. Мәселен, бейнеқоңырау арқылы хабарласып, тексеруге болады, - деді спикер.

Сонымен қатар қазақстандықтар жиі тап болатын алаяқтық түрі – күмәнді инвестициялық жобаларға қаржы салуы болып отыр.

Тек биылғы жылдың қаңтар-наурыз айларында 300-ден астам қазақстандық осындай схемалардың құрбанына айналды. Олар өз қаржысын шынайы өмірде жоқ, әрі ешқашан болмаған жобаға инвестициялады. Тіпті, кейбір жағдайда сол үшін екінші деңгейлі банктерден несие алған азаматтар бар. Қылмыскерлер көп жағдайда криптобиржалар, ұлттық компаниялар мен елдегі танымал банктердің атынан жалған сайттар ашып, халықты қызықтырып отыр. Ескеретін жайт, жалған инвестброкерлермен барлық байланыс тек онлайн режимде өтеді, - деді Сүйінбай.

Айта кетейік, соңғы уақытта құқық қорғау органдары мен мемлекеттік органдардың атынан қоңырау шалып, алдайтын алаяқтар артқан.

Тағы бір кең таралған алаятық түрі – халықты мемлекеттік органдарының қызметкерлерінің атынан хабарласып, алдау болып отыр. Байланыс операторлары алаяқтардың шетелден шалған қоңырауын таниды және оны автоматты түрде бұғаттап отырады. Соған қрамастан алаяқтар қазақстндықтарды арбауын тоқтататын емес.  Бүгінге дейін миллиондаған қоңырауды бұғаттады. Қазіргі уақытта шетелдік нөмірлерден ватсап арқылы қоңырау шалып, жасалған алаяқтық көп тіркеліп жатыр. Тек биылдың өзінде 1 мыңнан астам қылмыс тіркелді. Олар көп жағдайда азаматтарға депозитте жинаған ақшасын «қауіпсіз шотқа» аударуға көндіреді. Алаяқтар әрі қарай ол ақшаны басқа шотқа ауыстырып алады немесе қолма-қол ақшаға ауыстырып алады, - деді спикер.

Бұдан бөлек, ішкі істер органдарының мамандары алаяқтардың сөзіне сенген кейбір адамдар өз еріктерімен несие рәсімдеген жағдайлар тіркелгенін айтып отыр.

Кейбір кезде банктердің қосымшаларын орнату үшін келетін смс кодты алаяқтарға айтып, банктер пайдаланатын қосымша қауіпсіздік шараларын өздері айналып өтеді. Ішкі істер органдары немесе банк қызметкерлері ешқашан азаматтардың жеке деректерін сұрамайды, жалпы қандай да бір операцияны телефон арқылы жүргізбейтінін естен шығармау керек, - деді Жандос Сүйінбай.

Қазақстанның Бас прокуратурасының мәліметінше, соңғы жылдары елімізде интернет алаяқтық фактілері көбейген. Мәселен, соңғы 5 жылда елімізде 90 мыңнан астам интернет алаяқтық оқиғасы тіркелген. Интернет кеңістіктегі заң мен тәртіпті орнатып, халықты интернет алаяқтықтың сақтау үшін тұрақты түрде қаржы және құқықтық сауатты арттыру курстары ұйымдастырылып келеді.