Қазақстан көрші елдермен Қамбар ата ГЭС-1 құрылысын салады
Еліміз жобаның жұмысына 33 пайыз үлес қосады
Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстан Қамбар ата ГЭС-1 жобасын бірігіп салу үшін үшжақты келісімге келді.
Бұл мәселе Орталық Азия мемлекеттерінің Энергетика министрлері дүйсенбіде Аустрияның астанасы – Вена қаласында Қырғызстанның Дүниежүзілік банкпен және Аустрия Үкіметімен бірлесіп ұйымдастырған халықаралық энергетикалық инвестициялық форумы кезінде қаралды.
Форумның негізгі тақырыптарының бірі Қамбар ата ГЭС-1 құрылыс жобасы болды. Осы жобаны іске асыруға арналған арнайы сессияда ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, Қырғыз Республикасының Энергетика министрі Талайбек Ибраев пен Өзбекстан Энергетика министрі Журабек Мирзамахмудов Қамбар ата ГЭС-1 құрылыс және пайдалану жобасын дайындау бойынша ведомствоаралық келісімге қол қойды.
Келісімде Қамбар ата ГЭС-1 құрылыс және пайдалану жобасын іске асырудың негізгі қағидалары бекітілген. Қол қойылған құжатта көрсетілген ережелер болашақта үкіметаралық келісімнің негізі болады.
Құжатта Қырғыз Республикасының аумағында Қамбар ата ГЭС-1 жобасын Қырғызстан – 34%, Қазақстан – 33% және Өзбекстан тарапы 33% үлеспен салады делінген.
Сонымен қатар, халықаралық форумның аясында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев елімізде электр энергетикасы жобаларын іске асыру үшін инвесторларды тартуға бағытталған бірқатар кездесу өткізді. Атап айтқанда, Аустрия өнеркәсіпшілер қауымдастығының президенті, Siemens Austria компаниясының өкілдері, Gas Connect Austria мен басқа да кәсіпкерлермен кездесті.
Сондай-ақ министр Дүниежүзілік банк тобына кіретін Халықаралық қаржы корпорациясының (IFC) өкілдерімен сұхбаттасты.
Әңгіме барысында Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанның энергетика саласындағы жаңа стратегиялық бастамаларды іске асыруда ашық және өзара тиімді ынтымақтастыққа дайын екенін атап өтті.