Францияда Еуропа қазақтарының құрылтайы өтіп жатыр
Құрылтайды Франциядағы қазақтар мен Париждегі қазақстандық дипломаттар және «Отандастар» қоры ұйымдастырды
Францияда Еуропа қазақтарының құрылтайы өтіп жатыр. Жиынға Еуропалық Одақ аймағында тұратын қандастарымыз бен Түркия және Қазақстаннан делегациялар қатысты. Пандемиядан кейін алғаш өтіп жатқан елеулі шараға мыңға жуық адам жиналды, деп хабарлайды «Хабар 24» телеарнасы.
Еуропалық қазақтар үшін құрылтай – ерекше маңызды іс-шара. Себебі жырақта жүрген қандастарымыздың басын қосатын мұндай жиындардың мақсаты – ұлтымыздың төл мәдениетін сақтап, ұлықтау. Құрылтайдағы елеулі іс-шаралардың бірі – футбол турнирі. Додаға түрлі елден 13 команда жиналған.
«Шетелде тұрғандықтан өзіміздің мәдениет пен дәстүрімізді сақтауымыз керек. Сол үшін жылына бір рет осындай құрылтай өткізудің бізге маңызы зор», - дейді Австриядағы қазақ диаспорасы қауымдастығының төрағасы Ертұғрұл Шолпан.
Құрылтайды Франциядағы қазақтар мен Париждегі қазақстандық дипломаттар және «Отандастар» қоры ұйымдастырды. Іс-шара бағдарламасы барынша мазмұнды әрі пайдалы етіп құрылған. Іс-шара аясында Еуропадағы диаспоралардың кездесуі, этнодизайнер Қазипа Қалиқызының дәрісі, әр елден жиналған өнер адамдарының концерттерін өткізу қарастырылған. Тіпті жастар үшін би кешін өткізу ойластырылған.
Париж құрылтайы бағдарламасында мәдени көрікті жерлерге айналған Абай мен Мұстафа Шоқай ескерткішіне тағзым ету де қамтылған.
Қазақстанға деген сырттағы қандастарымыздың елмен байланысын арттыру, тұрып жатқан жерінде ықпалды диаспора ретінде көрсету маңызды, - дейді «Отандастар» қорының президенті Абзал Сапарбекұлы.
Отандастар қорының мәліметіне қарағанда, қазір тарихи отаннан жырақта жүрген қазақтардың саны 8 миллионнан асады. Қандастарымыздың Қазақстанмен мәдени байланысы жемісті дамып келеді. Енді әлемнің әр еліндегі қазақ диаспораларының ынтымақтастығын нығайту көзделіп отыр.