×

Еліміздегі ірі букмекерлік кеңселердің бірі лицензиясынан айырылды

Жалпы сомасы 849 мың теңге көлемінде айыппұл да төлейді

 Еркеғали Болатұлы 11.06.2024 | 10:34
фото: 2gis.kz

Мемлекеттік кірістер комитетінің өтініші негізінде Туризм және спорт министрлігі 2024 жылғы сәуірде жоспардан тыс тексеру жүргізіп, ойын бизнесі саласындағы заңнаманы сақтамағаны үшін Ringobet.kz букмекерлік кеңсесін лицензиясынан айырды.

«Ойын бизнесі туралы» Заңға сәйкес, ойын бизнесін ұйымдастырушының бәсті қабылдау сервері Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан жері бойынша болу керек.

Кезектен тыс тексеріс барысында жоғарыдағы заң талаптарын бұзған бірнеше факті анықталды. Сонымен қатар лицензия алған кезде букмекерлік кеңсенің қызметі туралы жалған ақпарат берілген.

Осыған байланысты аталған букмекерлік кеңсе «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 464-бабы 1 және 2-тармақтары бойынша жалпы сомасы 849 мың теңге көлемінде айыппұл арқалады және букмекерлік кеңсе лицензиясынан айырылды.

Министрлік ойын бизнесі және мемлекет мүддесін қорғау саласындағы құқықбұзушыларды анықтау бойынша жұмысты жалғастырады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама