Көне тіршілік иесін карьерді қазып жатқан жұмысшылар тапқан
Қырғызстанның Ыстықкөл облысы Ақсу ауданында карьерде жұмыс істеп жатқан адамдар көне замандағы мамонттың бас сүйегін тапты. Бұл туралы Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар істері министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметіне қарағанда, жаңалықты карьердің иесі Р. Карыпбаев бірден хабарлаған. Ол зерттеп көру үшін оқиға орнына археологтарды шақырған. Ведомство ресми сауалды алысымен археологтарды карьерге жіберген. Олар екі студентті ертіп, оқиға орнына барған.
Зерттеу кезінде мамонттың бас сүйегінің жағы мен ұзын таяқ тісінің бір-бірінен 140-150 метр жерде жатқаны анықталды. Олар 3-5 метр жерден қазып алынды.
Енді мамонттың бас сүйегінің жағы мен азуы музейге тапсырылады.
Биыл Маңғыстау облысында ихтиозаврдың қаңқасы табылған болатын. Ол 110-113 млн жыл бұрын тіршілік кешкен деген дерек бар. Бұған дейін де, нақтырақ айтсақ, осыдан 5 жыл бұрын Маңғыстау облысында динозаврдың сүйектері табылған еді. Зерттеушілердің айтуынша, миллиондаған жыл бұрын қазіргі Маңғыстау өңірінде Тэтис мұхитының ең терең жері болған.