Елді мекен қарап отырған жалғыз су желісі әбден тозып, қысымы халыққа жетпейді
Алматы облысының тұрғындары нәжіс араласқан су ішіп жүрміз деп шу шығарды. Талғар ауданына қарасты Бесағаш ауылының 17 мыңнан аса халқы бірнеше жылдан бері тіршілік көзіне зәру, деп хабарлады Almaty.tv арнасы.
Бесағаш тұрғындары айтуынша, бірнеше күннен бері тіршілік нәрінің дәм-түсі өзгеріп, ластанғанын байқаған. Кейбіреулер тіпті жөтеліп, ауыра бастаған. Ауыл белсенділері құдықты тексеруге жиналды.
Нәжіс иісі шығып жатыр. Жұмысшылар өздері айтты. Осы су ауылға барады. Ішіп отырмыз. Бәрі ауырып жатыр, - деді Бесағаш ауылының тұрғыны Талдыбай Әбдіғаппаров.
Елді мекен қарап отырған жалғыз су желісі әбден тозып, қысымы халыққа жетпейді. Ал жұрт суға қалдық араласса, түрлі ауру тарауы мүмкін деп қорқып отыр.
Ауыл тұрғындарының су тапшылығына көніп келе жатқанына біраз жыл болды. Бесағаштағы 57 мыңға жуық тұрғынның 17 мыңында су жоқ. Шүмекте шылдырап лас су ағады. Ауылда орталықтандырылған су жүйесі жүргізілген, бірақ оның күші жылдан-жылға өсіп жатқан ауылға шақ келмейді. Ауыл азаматтары мәселені суды заңсыз жалғап алған жеке кәсіп иелері ушықтырып отыр, дейді.
«Ауылға көшіп келгелі бері 5-6 жыл болды. Су мәселесі бітпейді. Бүкіл бөтелкеге таза су толтырып, қаладан алып келе жатырмын. Кеше су іше алмадық, қап-қара, лайланып кеткен. Балаларым, немерелерімнің іші ауыра бастады», - деді Бесағаш ауылының тұрғыны Мейрамбек Мұхатов.
Су жүйесіне жауапты компания "әріне бұрын істеген мердігер кінәлі" деп ақталды. Олардың сөзінше, құбырлардың бұрынғы иесі қыруар қаражат қарыз болған, құжат мәселесін шешу үшін уақыт керек. Ал оған дейін компания директоры халыққа тек су тасушы екі көлік бөліп беріп отыр.
«Проблема бар, су жоқ. Құбырдың бәрі ескі, дұрыс жасалмаған. Шешу жолын қарастырып жатырмыз», - деді мердігер компанияның директоры Жомарт Үмбетов.
Шарасыздың күнін кешіп отырған жұрттың жағдайын ауыл әкімі білсе де, апат болған күні экспертиза жүргізбеген. Әкімдіктегілер су мәселесі кезең-кезеңімен шешіледі деп уәде етті.
«Медігер компания судың қысымын түсіріп, құбырды босатқан кезде, құбырларды ауыстырамыз», - деді Бесағаш ауылдық округінің әкімі Ернар Жүнісов.