Азия чемпионатында велоспортшылар тағы төрт жүлде иеленді
Евгений Федоров мәреге 49:46 секундта жетіп, чемпион атанды
Алматы қаласында өтіп жатқан тасжолдағы велоспорттан Азия чемпионатында ұлттық құраманың велошабандоздары 1 алтын, 1 күміс, 2 қола медальді жеңіп алды.
Ерлер арасындағы жекелей сында Евгений Федоров мәреге 49:46 секундта жетіп, чемпион атанды. Одан кейінгі сатыға тағы бір отандасымыз Дмитрий Груздев (50:20) жайғасты. Үшінші орынды жапониялық Юкиа Арасиро (51:20) иеленді.
Азия чемпионатына дайындығым жақсы болды. Ешкім де жарысқа жеңілемін деп келмейді. Бәрімізде де алтын алсақ деген арман бар. Бұл жетістігіме ата-анам, жаттықтырушыларым мен туыстарым да қуанып жатыр, – деді Евгений Федоров.
U23 санатында қатысқан Ақпейіл Өсім 20 шақырым қашықтықта мәреге 29 минут 58 секундта жетсе, ересектер арасында бақ сынаған Рината Сұлтанова мәреге 29 минут 28 секундта келді. Нәтижесінде олар қос қола жүлдені қоржынға салды.