Ирина Юнусметова Олимпиаданың жолдамасын жеңіп алды

Дастан Жұмабекұлы

Ол 10 метрден тапаншамен нысананы дәл көздеді

Фото: Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы

Бүгін халықаралық нысана көздеу (ISSF) федерациясы барлық Әлем кубогының кезеңінен кейін Олимпиялық рейтингін жаңартты. Соның нәтижесінде Ирина Юнусметова Олимпиаданың лицензиясын жеңіп алды.

Ұлттық құрама спортшысы қайта үлестіру кезеңінде 10 метрден тапаншамен нысана көздеуде жолдамаға иелік етті.

Бұл – еліміздің спорттық ату федерациясының еншісіндегі тоғызыншы лицензия. Осыған дейін Ислам Сатпаев, Константин Малиновский, Александра Ле, Арина Алтухова, Никита Чирюкин (нысана көздеу), Әсем Орынбай, Эдуард Ещенко мен Мария Дмитриенко (стенд ату) Олимпиадаға жолдама иеленген болатын.

Әсем Орынбай мен Ирина Юнусметованың лицензиясы жеке спортшының өзіне тиесілі. Қалғаны – федерацияға берілген квота.

Жалпы алғанда, қазір Қазақстан еншісіндегі жолдаманың саны 67-ге жетті.