Оларды жұмысқа алған кәсіпкерлер де жауапқа тартылды
Павлодарда полиция шетелдіктердің зауытта заңсыз жұмыс істегенін анықтады, деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Өңірдегі тәртіп сақшылары «Заңсыз келуші-2024» жедел-алдын алу іс-шарасының қорытындысын жариялады.
Рейд барысында 14 шетелдік анықталды. Олардың жетеуі Павлодардағы зауыттың аумағында ұсталды. Олар заңсыз жұмыс істеген, рұқсат құжаттары болмаған.
Қалған 7 адам Павлодар ауданындағы ауылдардың біріндегі құрылыста еңбек еткен. Оларда да рұқсат құжаты болмаған.
Қазір 2 жеке кәсіпкер және 14 шетелдіктің үстінен көші-қон саласындағы заңды бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жолданды, – деді облыстық ПД көші-қон қызметінің басшысы Дәулет Ысқақов.
Жалпы, облыста көші-қон заңының талаптарын бұзған 279 шетелдік анықталып, оның 30-ы сот шешімі бойынша елден шығарылды.
Заңсыз жұмыс істегені үшін 123 шетелдік және 36 жұмыс беруші жауапқа тартылды. Сондай-ақ шетелдіктердің келгені туралы хабарламағаны үшін Қазақстанның 109 азаматы жауапқа тартылды. 49 шетелдіктің елде болу мерзімі қысқартылды, – деді басшы.