Үш отандасымыз Ресей жағында соғысып қаза тапты

Нұрдәулет Кенжебай

Харьковта жарылған минаның астында қалып қойған

фото: ашық дереккөзден

Ресейге жалданған жауынгер, әлеуметтік желілерде қазақстандықтарды соғысқа белсенді тартушылардың бірі Вячеслав Третьяков Украинада Ресей жағында соғысып жүрген 3 қостанайлықтың көз жұмғанын хабарлады. Бұл туралы Арлен Батенов есімді желі қолданушысы жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Бүгін соғысқа ерікті қатысушы қазақстандықтар арасында алғаш рет бірнеше адам қайтыс болды. Менің Қостанайдан келген 3 жерлесім Харьковта жарылған минаның астында қалып, көз жұмды. Біз қайда бара жатқанымызды білдік. Түбінде жеңіске жетеміз және дұшпанды талқандаймыз! Мен бауырларымды мақтан тұтамын, олар нағыз ерлік көрсетті», - деп жазды ол ВК әлеуметтік желісіндегі парақшасында. 

Оның айтуынша, Третьяковтың өзі Қостанайда туған, сонда күзетші, жүк тасымалдаушы, ушудан жаттықтырушы, массажист болып жұмыс істеген. Донбаста соғысқа қатысқан, Украинаның базасында әскери қылмыскер ретінде тіркелген. 

Оның достарына жүргізілген талдау нәтижесі Ресейдің империялық саясатын көрсетеді. Әлеуметтік желіде олар пәтерлерінде РФ туын ұстап, Донбас үшін соғысуға үгіттейді, украиндықтарды өлтіруге шақырады. Сөйте тұра Қазақстанда тыныш өмір сүріп, жұмыс істеп жатыр. 

«Осындай Ресейді жақтайтын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін топтар өте көп. Олар рашизмді ашық насихаттайды, қазақстандықтарды Украинадағы соғысқа тартып жатыр, сондай-ақ Қазақстанды Ресейге қосуды белсенді қолдайды», – деп жазады автор.