×

Белгілі ақын Мылтықбай Ерімбетов қайтыс болды

Белгілі ақын, журналист Мылтықбай Ерімбетов 68 жасында өмірден озды.

 Халық үні 07.06.2024 | 23:28
Фото: adebiportal.kz

Белгілі ақын, журналист Мылтықбай Ерімбетов 68 жасында өмірден озды. Қаралы хабарды ақын, журналист Қасымхан Бегманов жеткізді.

«Бүгін, 7 маусым, жұма күні таңғы сағат бесте талантты ақын, белгілі журналист, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мылтықбай Ерімбетовтың кенеттен жүрегі тоқтап, 68 жасында өмірден өтті. Ақынды ұлы Ерболат Мылтықбайұлы жақындарымен бірге бірнеше көлікпен туған жері Жетісайға алып кетті. Ертең сағат:11:00-де Жетісай ауданының «Тельман» ауылындағы ата - анасының қарашаңырағында ақынның жаназасы өтетін болды. Иә, туыстарының ұйғарымы бойынша ақынды туған жерінде жерлейтін болды.
Өткен жылы Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өткен ән-жыр кешімнің соңында арнайы келіп, бетімнен сүйіп, қатты толқып, тыңдағанын айтып, өзінің ризашылығын білдіріп еді.
Мылтықбай Ерімбетов кезінде «Никарагуа, Никарагуа», «Сенің жазған хаттарың-ай, хаттарың» деп жырлаған талантты ақын еді. Бұл ағамыз да кетті, бұл дүниеде кім қалады дейсің...
Арасында маған хабарын айтып тұратын еді. Көптен хабарсыз кетіп еді. Бүгін қаралы хабар тарады.
Түркістан облысында, Шымкент қаласында тұратын ақын - жазушылар, реті келсе ертеңгі Жетісайда өтетін жаназаға қатысыңыздар! Ұлы Ерболатқа, бауырларына, туыстарына қатты қайғырып көңіл айтамыз. Топырағы торқа, жатқан жері жайлы болсын!»,—деп жазды ол.

Ерімбетов Мылтықбай 1956 жылы Түркістан облысы Жетісайда ауданында туған. 

1977 жылы ҚазМУдің журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолын Өзбекстандағы Мырзашөл аудандық «Достық» қазақ газетінде бастап, тілшіден редакторлыққа дейін істеді. 

1982 жылдан Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің кітап насихаты бөлімінде аға редактор, 1985–1995 жж. «Парасат» («Мәдениет және тұрмыс») журналында бөлім меңгерушісі. 

1995 жылдың тамыз айынан шығармашылық жұмыста болды.

«Балқаймақ», «Отырар төбе», «Айналайын анашым», «Бастау», «Қос өрім», «Мырзашөл», «Маржан тас», «Баспалдақтар», «Көзайым», «Жүрекжарды», «Бір нәзік сәуле», «Жеті сері» өлең кітаптарының, тарихи тақырыптағы «Аманат», «Қоңырат руларының шежіресі және оған қатысты әңгімелер», «Көкпаршылар», «Бай болғың келе ме?», очерктер топтастырылған «Топжарғандар», «Халық қалаулылары», «Ат – ердің қанаты», «Ауылым – әнім» сияқты кітаптардың авторы. Кейбір өлеңдеріне ән жазылған.

Шымкент облыстық комсомол сыйлығының, «Жалын» баспасы сыйлығының, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама