Назарбаев университетінде диплом табыстау рәсімі өтті
Оның арасында 54 шетелдік студент бар
Биыл Назарбаев университетін 1500-ден аса студент бітірді, деп хабарлады NU баспасөз қызметі.
Жоғары оқу орнында өткен диплом табыстау рәсіміне үздік студенттер, ЖОО басшылығы мен профессорлар, Парламент депутаттары, университеттің қамқоршылық кеңес мүшелері қатысты.
Биыл Назарбаев университетінің дипломын 1507 студент алды: 1 мың 38 бакалавр, 408 магистр, 42 PhD және 19 медицина докторы. Олардың арасында 54 шетелдік бар.
Жоғары оқу орнын бітірген түлектерді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтап, үздік магистрлер мен докторларға диплом табыстады.
Сынға қарамастан, NU – еліміздің негізгі зерттеу университеттерінің бірі. Қазақстандағы инновациялық зерттеулер мен жоғары білімге жетекшілік ете отырып, ол сіздер сияқты талантты көшбасшыларды тәрбиелеп жатыр. Мен адалдығы мен еңбекқорлығы үшін NU оқытушылары мен басшылығына алғыс айтамын. NU әлемдегі ең үздік 100-ге жуық жас университеттің және Азиядағы үздік ЖОО-лардың қатарына кірді. Әрине, ол Қазақстандағы №1 зерттеу университеті болып отыр, - деді Саясат Нұрбек.
Сондай-ақ Nazarbayev University президентінің міндетін атқарушы доктор Илесанми Адесида түлектерді батыл және еңбекқор болуға шақырып, ЖОО-ның соңғы жетістігіне тоқталды.
Біздің университетіміз жақында Times Higher Education әлемдік рейтингінде үздік отыздыққа кірді. Дайындық мектебі, Жоғары Мемлекеттік саясат және бизнес мектептері, Медицина мектебі академиялық бағдарламаларға аккредитация алды, ал Инженерия және цифрлық ғылымдар, Тау-кен ісі және жер туралы ғылым мектептері, математика, физика, химия және биология салалары бойынша бағалау сатысында тұр. Біз Еуропалық университеттер қауымдастығының оң бағасын алдық. Әрі қарай әлемдегі ең мықты университеттермен тең дәрежеде серіктес болуға тырысамыз, - деді ол.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов ЖОО-ны бітірген 10 үздік студентке диплом табыстап, оларға сәттілік тіледі.
NU – Қазақстанда ғана емес, әлемдегі жетекші университеттердің бірі. Мұны зор мақтанышпен айта аламыз. Мұндай университетте білім алу – студенттеріміз үшін мақтаныш қана емес, сондай-ақ үлкен жауапкершілік. Сондықтан олар ЖОО қабырғасында жүріп алған білімін елімізді және экономикамызды дамыту үшін пайдаланады деп сенемін. Барлық түлекке табыс тілеп, оқытушыларға да алғыс айтамын, - деді Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы.