Бүгінде анасы мен сәбидің денсаулығына ешқандай қауіп жоқ
Павлодарда дәрігерлер 35 жастағы жүкті әйелді үйінде босандырды, деп хабарлады облыстық жедел жәрдем станциясы.
Биыл 6 маусымда кешкі сағат 23.00 шамасында қала тұрғынынан 103 нөміріне шұғыл қоңырау түскен. Ол жүктіліктің 40-аптасында екенін, толғағы қыса бастағанын айтқан. Диспетчер жүкті әйелге ең жақын фельдшерлік бригаданы жіберді.
Жедел жәрдем қызметі 7 минуттан соң келді. Әйелдің толғағы жиілей бастаған соң дәрігерлер оны сол жерде босандыруға мәжбүр болды.
Фельдшер алдымен 103 диспетчеріне барлық жағдайды баяндап, мамандандырылған гинекологиялық бригаданы жіберуді сұраған. Қызметкеріміз әйелдің бесінші рет босанғалы жатқанын ескеріп, жағдайды бақылауда ұстауға тырысты. Бәрі сәтті өтті. Салмағы 3,5 келі, бойы 55 сантиметр қыз дүниеге келді, - деді жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ольга Вербовая.
Фельдшерлік бригада сәбиді 35 жастағы анасымен бірге №1 перзентханаға жеткізді.
Айта кетейік, жыл басынан бері Павлодарда жедел жәрдем қызметі 14 әйелді үйінде немесе жансақтау бөлімінде босандырып алған. 2023 жылы мұндай 12 дерек тіркелді.