Halyq Uni логотип
×

ҰБТ ережесін бұзған 152 талапкер тестілеуден шығарылды

50 түлектің тест нәтижесі жойылды

 Дәурен Ерболат 07.06.2024 | 16:52
ҰБТ ережесін бұзған 152 талапкер тестілеуден шығарылды
Фото: Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы

Ғылым және жоғары білім министрлігі ҰБТ-ның аралық қорытындысын жариялады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Негізгі ҰБТ басталғаннан бері 114 мың рет тест тапсырылған. Оның ішінде талапкерлердің 74%-ы қазақ тілінде, 26%-ы орыс тілінде, 110 адам ағылшын тілінде тест тапсырды.

ҰБТ басталғалы шекті балды 75% талапкер жинады. Орташа балл – 68, ең жоғары балл – 138. Оны Түркістан облысының талапкері жинады.

3 аптаның қорытындысы бойынша талапкерлер «Оқу сауаттылығы» пәнінен ең жақсы тапсырды. Орташа есеппен сұрақтардың 75%-ына дұрыс жауап берілген. Ал «Физиканы» тапсырған талапкерлер тек 36% тапсырманы дұрыс орындаған. Түлектер үшін «Механикалық толқындар» тақырыбы қиын болды, - деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттілігі бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға 3 аптаның ішінде 387 талапкер қатысты.

Бүгінде ҰБТ ережесін бұзудың 207 дерегі анықталды. Оның ішінде смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтпек болған 152 талапкер тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 50 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Бейнежазбаларды тексеруден соң ереже бұзған 5 адамның нәтижесі жойылды. Бөгде тұлғалар анықталмады, - деп жазылған хабарламада.

Еске сала кетсек, 2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталса, талапкердің ҰБТ нәтижесі жойылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама