Бассейндік инспекциялар Кәсіпкерлік кодекс аясында тексеріс жүргізеді
Судың «қара нарығын» жою мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі су саласындағы құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейтеді, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, жаңа Су кодексінде суды пайдалану мен қорғауға, мемлекеттік бақылау мен қадағалауды күшейтуге бағытталған маңызды өзгертулер қарастырылып отыр.
Судың «қара нарығын» жою және басқа да құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін біз мемлекеттік бақылауды күшейтеміз. Ешкім жауапкершіліктен құтылмайды. Біз ұсынған жаңа нормалар мен ережелер құқықбұзушылықтар санын едәуір азайтуға және еліміздің су ресурстарына тұрақты бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Жаңа Су кодексінде уәкілетті ведомство мен бассейндік инспекцияларға қадағалау функциялары беріледі. Қазір бассейндік инспекциялар Кәсіпкерлік кодекс аясында тексеріс жүргізеді. Алайда жоспарлау, тіркеу және хабарлау процесінің ұзаққа созылуына байланысты құқық бұзушылар жиі жазадан құтылып кетеді.
Бұдан бөлек, қолданыстағы Кәсіпкерлік кодекске толықтырулар енгізу ұсынылып отыр. Бұл өзгерістер бассейндік инспекциялар мен мемлекеттік су инспекторларының функцияларын кеңейтеді. Мемлекеттік бақылау мен қадағалау нысандарын өзгертеді, сондай-ақ жедел ден қою шараларын қабылдаудың жаңа құралдарын, шарттары мен негіздерін енгізеді.