Halyq Uni логотип
×

Үкімет басшысы су тасқынынан кейінгі құрылысты тексерді

СҚО-да барлығы 700 үй мен 90 орындық балабақша салынып жатыр

 Еркеғали Болатұлы 07.06.2024 | 14:39
Үкімет басшысы су тасқынынан кейінгі құрылысты тексерді
фото: astanatv.kz

Олжас Бектенов СҚО-да су тасқынынан зардап шеккендер үшін тұрғын үй салу жұмыстарын тексерді.

Үкімет басшысы Петропавл қаласындағы Бірлік шағын ауданында жаңадан бой көтерген үйді аралап, жаңа баспана кілтін алған отбасы мүшелерімен әңгімелесті. Тұрғындарға алғысын білдірді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың барлығының баспанасын қалпына келтіру мәселесін ерекше бақылауда ұстап отыр. Солтүстік Қазақстан облысы қаладағы су басқан шағын аудандардағы үйлердің құрылысын алғашқылардың бірі болып аяқтады. Біздің басты міндетіміз – зардап шеккендердің барлығын суық түскенге дейін үйлеріне көшіру, – деп атап өткен Олжас Бектенов әкімдікке іргелес аумақты абаттандыруды тапсырды.

Өңірде барлығы 700 үй мен 90 орындық балабақша салынып жатыр. Жақында ғана отбасыларға қоныстану үшін 53 үйдің кілті берілді. Маусым айының соңына дейін тағы 47 үй беру жоспарланса, 600 үйдің құрылысы биылғы тамыз айының соңына дейін аяқталады.

Бірлік шағын ауданы қажетті инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз етілген. Топырақты жолдар салынып, серуендеуге және демалуға арналған аймақтарды абаттандыру жүргізіліп жатыр.

Солтүстік Қазақстан облысы – су тасқыны салдарын жоюға механикаландырылған бригадалар тартылған жалғыз өңір. Мәселен, тек Ойқала шағын ауданында 1 133 үй су басу аймағында болды, оның 309-ы жөндеуді қажет етеді. Жұмыстарды 24 мехбригада кезең-кезеңімен орындап жатыр. Петропавл бойынша барлығы 85 осындай құрама бар. Қазір едендерді ауыстыру, қабырғаларды сылау, гипс қатырмасын төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Үкімет басшысы меншік иелері өтемақы түрінде төленген қаражатқа өздері жөндеу жұмыстарын жүргізетін жеке тұрғын үйге барды. Бүгінде 64 мың адам өз үйлерінде тұрып жатыр.

Премьер-министрге Петропавлда резервтік сумен жабдықтау көзін салу жоспарлары баяндалды. Жобалық қуаты сағатына 100 мың м3 болатын техникалық құрылысты табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ туындаған жағдайда халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жұмысы тоқтатылған сорғы стансасының орнында салу көзделген. Жобаны іске асыру көктемде Петропавл тұрғындары тап болған қиындықтарды болдырмауға мүмкіндік береді.

Үкімет басшысы мұндай апатты жағдайдың қайталануына жол берілмейтінін атап өтіп, СҚО әкімдігіне Қаржы министрлігімен бірлесіп, жобаны іске асыруға қаражат бөлу мәселесін пысықтауды тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама