Биыл қарыздың пайыздық үстемесі төмендеуі мүмкін
Қазақстанда кәсіпкерлер микроқаржылық ұйымдар мен банктерден 56%-бен несие алып жүр. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Банктік емес ұйымдарды реттеу департаментінің директоры Нұржан Бидайбек айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында агенттік төрағасының орынбасары Олжас Қизатов еліміздің қаржы секторында микроқаржыландыру ең жылдам дамып келе жатқан сегмент екенін атап өтті.
Соңғы 3 жылда микроқаржылық қызметті іске асыратын ұйымдар (МҚЖАҰ) мен несие портфелінің активтері 2 есе өсіп, несие портфелі 2,4 трлн теңгеге жетті. Соңғы жылдары микроқаржыландыру секторы өсуінің негізгі драйвері кредиттік ресурстарды ұсынудың жылдамдығы мен қарапайымдылығы болды, - деді ол.
Қай өңірлер микрокредитті көп алған?
Олжас Қизатов соңғы 3 жылда бұл секторда бизнеске берілетін микрокредиттер 2 есе өсіп, 1,3 трлн теңгеге жеткенін атап өтті.
Өңірлер бойынша микрокредиттердің ең көп көлемі Павлодар (23%) және Қостанай облыстарында (13%) минералдық ресурстарды өндірумен және электрмен жабдықтаумен байланысты өнеркәсіп секторларына тиесілі. Сауда және қызмет көрсету секторларына кредит беру Шымкент (10%), Астана (7,3%), Алматы (5,4%) ірі қалаларына және Түркістан (9,8%), Жамбыл (5,3%) облыстарына тиесілі. Егер экономика салалары бойынша кредит берудің жиынтық көлемін қарастырсақ, микроқаржыландыру субъектілерінің қызметі көбіне өнеркәсіп пен электрмен жабдықтауға (35,1%), ауыл шаруашылығына (25,1%), саудаға (17,5%) байланысты салаларда және қызмет көрсету (14,9%) саласында шоғырланған, - деді орынбасар.
Былтыр 932 млрд теңге қарыз берілді
Ол кредиторлар бойынша Қазақстанның 20 облысының 17-сінде кредиттік серіктестіктер берген микрокредиттер үлесі жоғары (68%) екенін атап өтті.
2023 жылдың нәтижесі бойынша бизнеске кредиттік серіктестіктер берген микрокредиттер 932 млрд теңгені немесе кредиттік серіктестіктердің жиынтық портфелінің 96%-ына тең болды. Бүгінде кредиттік серіктестіктер бизнеске жеңілдік талаптармен қолдау көрсететін түрлі шараларының белсенді қатысушылары саналады. Олардың қызметі ауыл шаруашылығын белсенді дамытып жатқан, шалғай аудандар мен ауылдардағы үй шаруашылықтарын қолжетімді қаржымен кеңінен қамтуды қамтамасыз етеді. Кредит беруде кредиттік серіктестіктердің үлкен белсенділігі осы өңірлерде үлкен егіс алқаптарының орналасуына байланысты Қазақстанның барлық солтүстік, орталық (48%) және оңтүстік өңірлерінің (24,3%) ауыл шаруашылығында байқалады. Осы өңірлерде ауыл шаруашылығына кредит берудің жиынтық мөлшері 2023 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 251 млрд теңгені құрады, - деді Олжас Қизатов.
Оңтүстік өңірлер бизнеске микронесиені неге көп алады?
Орынбасар МҚҰ субъектілері Қазақстанның барлық облысында бар екенін атап өтті.
«2023 жылдың қорытындысы бойынша МҚҰ-ның бизнеске микрокредиттері 433 млрд теңгені немесе МҚҰ жиынтық портфелінің – 35,2%. МҚҰ тарапынан бизнеске микрокредит берудің негізгі көлемі Түркістан облысына (17,0%), Шымкент қаласына (16,8%), Алматы облысына (11,1%) және Жамбыл облысына (10,4%) тиесілі. Бұл өңірлерде 204 млрд теңге көлемінде сауда және қызмет көрсету саласын қаржыландыру басым болып отыр, бұл осы өңірлерде халықтың көп шоғырлануына байланысты», - деді ол.
Кәсіпкерлер өте жоғары пайызбен несие алуға алып жүр
Сондай-ақ Банктік емес ұйымдарды реттеу департаментінің директоры Нұржан Бидайбек кәсіпкерлер микронесиені өте жоғары пайызбен алатынын ашық айтты.
Банктер кредитті 56%-бен бере алады. Қазір микроқаржылық ұйымдардың 2 түрі бар. Олар – классикалық және 45 күнге дейін 50 АЕК-ге дейін (184 600 теңге, 1 АЕК – 3 692 теңге) қарыз беретін микроқаржылық ұйымдар. Бизнеске (кредит) беретін микроқаржылық ұйымдар да банктер сияқты 56%-ды сақтау керек, - деді басшы.
Басқарма басшысы алдағы уақытта кредиттің пайыздық үстемесін төмендеу мәселесі қаралатынын жеткізді.
«Жақында Парламентте заң қабылданды. Ол тәуекелдердің деңгейін төмендетуді көздейді. Осы заңға (Президент) қол қойғаннан кейін осы жылдық пайыздың көлемін төмендетуге арналған нормативті-құқықтық акті қабылданады. Оның ішінде жалпы жылдық пайыздық есепті төмендету көзделген. (Оның қанша пайызға азаятыны) әлі талқыланып жатыр, сәл күтіңіздер. Жақын арада белгілі болады», - деді Нұржан Бидайбек.