Референдумға шетелдегі қанша қазақстандықтың қатысқаны белгілі болды
52 мемлекетте 65 референдум учаскесі жұмыс істеп жатыр
Бүгінде шетелде жүрген 5 мыңнан аса қазақстандық өз таңдауын жасады. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
«Елорда уақытымен сағат 19.00-дегі жағдай бойынша шетелдерде 5 100 қазақстандық дауыс берді. Бұл тізімге енгізілген сайлаушылардың – 45%-ы», - деді вице-министр референдум комиссиясында өткен брифингте.
Роман Василенко 52 мемлекетте Қазақстанның өкілдіктері жанынан 65 референдум учаскесі ашылғанын, онда дауыс беретін сайлаушылар тізіміне 11 350 отандасымыз енгізілгенін атап өтті.
«Сондай-ақ Қытай, Корея, Жапония және тағы басқа мемлекеттердегі учаскелерде дауыс беру аяқталды. Ондағы дауыстар саналып жатыр, ал Нью-Йорк, Вашингтон, Бразилия сынды қалаларда дауыс беру учаскелері енді ғана ашылды. Ондағы жерлестеріміз енді дауыс береді», - деді Роман Василенко.
Қазіргі таңда уақыт айырмашылығына қарамастан барлық 65 референдум учаскесі ашық тұр.
Айта кетейік, Астана уақытымен 18.00-дегі жағдай бойынша 7,6 миллион қазақстандық өз таңдауын жасады.