Жарыста 9 елдің 69 спортшысы күш сынасты
Пара велоспорттан Алматыда өткен XI Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы 2 алтын, 2 күміс және 1 қола медальді жеңіп алды.
Көру қабілеті зақымданған спортшылар арасында өткен тандемдік дисциплинасында Сейітжан Кенжегүл (стокер) мен Антон Лаврентьев (пилот) мәреге 20:27.9 уақытта жетіп, чемпион атанды.
Екінші орынды иеленген Александр Малыгин (стокер) мен Дэвид Кусаков (пилот) мәреге 21:13.5 минутта келсе, қола медаль Тәлім Дастан (стокер) мен Мақсат Нұрпейісовке (пилот) бұйырды. Олар жарысты 22:37.7 уақытта аяқтады.
Әйелдер арасындағы чемпионаттың тандемдік дисциплинасында Жұлдыз Қайнарова (стокер) мен Ульяна Чугай (пилот) мәреге 22:03.4 уақытта жетіп, алтын жүлдені жеңіп алды. Күміс медальді Әсел Калиева (стокер) мен Айгерім Нұрғали (пилот) иеленді. Олар 28:08.8 уақытта мәреге жетті.
Мен велоспортпен 15 жылдан астам уақыт айналысып келемін. Алайда тандемдік дисциплина жеке жарыстан қиынырақ. Себебі серіктес үшін жауапкершіліктің жүгі ауыр. Техникалық қиындықтарға қарамастан біз, әрине, жеңіске жетуді көздедік. Ең бастысы, осы жарыста Азияның чемпионы атандық, – деді Антон Лаврентьев.
Қазақстанның пара велоспорттан ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Николай Зайцевтің айтуынша, чемпионат алдында спортшылар 3 оқу-жаттығу жиынында болды. Оның екеуі Алматы қаласында және біреуі Текелі ауданында өтті.
Спортшылар трассаны мұқият зерттеп, шеберлікті арттыруға талай жұмыс атқарды. Осының арқасында еліміздің спортшылары 5 медаль жеңіп алды, – деді ол.
Пара велоспорттан Азия чемпионаты «Алматы Арена» алаңында болды. Оған Сауд Арабиясы, Тәжікстан, БАӘ, Өзбекстан, Таиланд, Оман, Палестина, Үндістан мен еліміздің көру қабілеті және тірек-қимыл аппараты зақымдалған пара велоспортшылары қатысты.
Додада барлығы 69 спортшы күш сынасты (56 ер және 13 әйел).