Тараптар озық тәжірибе алмасуға ниетті
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Әділет министрлерінің жиналысы онлайн форматта өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Әділет министрі Азамат Есқараевтың төрағалығымен өткен жиналысқа Индия, Иран, Қырғыстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Қытайдың Әділет министрлері қатысты.
Отырысқа ШЫҰ бас хатшысының орынбасары және бақылаушы мемлекет ретінде Беларусьтің Әділет министрі Евгений Коваленко келді.
Кездесуде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Әділет министрлерінің 2023 жылы өткен 10-кездесудегі келісімдерді іске асыру бойынша Әділет минстрліктері арасындағы өзара ынтымақтастықтың қорытындысы шығарылды.
Әділет министрлері ШЫҰ кейінгі жылдарда қол жеткізілген құқық және әділет саласындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтті. Осындай тұрақты кездесулер ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Әділет органдары арасындағы ведомствоаралық ынтымақтастықты тереңдетуге мүмкіндік береді, - деп жазылған Әділет министрлігі таратқан хабарламада.
Әділет министрі құқық пен әділет саласын цифрландырудағы ынтымақтастықты тереңдетуге және озық тәжірибені жүйелі түрде алмасуға мүмкіндік беретін меморандум жасасу туралы бастама көтерді.
Кездесу қорытындысы бойынша ынтымақтық туралы мәлімдемеге қол қойылып, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерінің Әділет министрлері кеңесінің 2024-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді.
Еске сала кетсек, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Әділет министрлерінің келесі кеңесі 2025 жылы Ресейде өтеді.