Бұл бастаманың жұмысына елімізге және әлемге белгілі қоғам қайраткерлері қатысады
Cыртқы істер министрлігінде «Қазақстанның ізгі ниет елшілері» жобасы басталды. Осыған байланысты ведомствода салтанатты іс-шара өтіп, оған премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу қатысты.
«Ізгі ниет елшілері» жобасы мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынып отыр. Ол мәдениеттер пен халықтар арасындағы диалогты дамытуға және еліміздің жетістіктерін шет елдерде дәріптеу мақсатында танымалдылығын арттыруға бағытталған.
Министр алғы сөзінде Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғысы мен халықаралық құқық негізіндегі көпвекторлы және сындарлы сыртқы саясатқа айқын балама жоқ екенін атап өтті.
Бұрын-соңды болмаған геосаяси жағдайда, халықтық және мәдени-гуманитарлық дипломатияның алар орны бөлек. «Әлемдік сахналарда, ареналарда және конференцияларда Сіздердің жеңістеріңіз бен тамаша өнер көрсетулеріңіздің арқасында еліміздің көк туы әлемнің түкпір-түкпірінде көтеріліп, мемлекеттік әнұран салтанатты түрде шырқалады, – деді СІМ басшысы.
Бұл жобаға халықаралық қоғамдастықта Қазақстан туралы оң пікір қалыптастыруға зор үлесін қосып жүрген еліміздің қоғам қайраткерлері шақырылды. Олардың арасында скрипкашы-виртуоз, дирижер, Азия-Тынық мұхиты өңірі оркестрлері Альянсының директоры Марат Бисенғалиев, Олимпиада чемпионы, велошабандоз Александр Винокуров, суретші және антиядролық қозғалыс белсендісі Кәріпбек Күйіков, University Medical Center корпоративтік қорының басқарма төрағасы, кардиохирург Юрий Пя, саясаттану ғылымының докторы және тарихи карталарды зерттеуші Мұхит-Ардагер Сыдықназаров, Н. Тілендиев атындағы Мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің бас дирижері Динара Тілендиева; Adam лақап атымен әлемдік танымалдылыққа ие болған эстрада әншісі Мирхидай Мирфарух пен әлем рекордын жаңартқан алып күш иесі, Гиннес кітабының рекордшысы Сергей Цырульников бар.
Өз сөзінде Александр Винокуров жобаға Astana Qazaqstan Team командасының барлық мүшелері қатысатынын, «Ізгі ниет елшісі» мәртебесін алу Париж Олимпиадасы қарсаңында рухты көтеріп, жеңіске деген сенім-күшті арттыратынын айтты.
Шығармашылық интеллигенция атынан сөз сөйлеген Динара Тілендиева артылған сенім үшін алғысын білдіріп, еліміздің мәдениетін шетелдік жұртшылық алдында насихаттау әрқашан маңызды жұмыс бола беретінін атап өтті.
Өнер, спорт, ғылым, медицина және басқа да салаларда жетістіктерге жеткен отандастарымызды тарту арқылы Қазақстандағы Ізгі ниет елшілері қызметінің сәтті халықаралық тәжірибесін енгізу еліміздің беделін нығайтып, бейбітшілік, достық және халықаралық ынтымақтастықтың негізі болатын мәдени-гуманитарлық байланысты арттыруға ықпал етеді.