Биыл 10 мыңнан аса жатақхана орны пайдалануға беріледі
19 жоғары оқу орны мен 8 колледждің студенттеріне салынуға тиіс
Үкіметте колледж бен жоғары оқу орындарының студенттерін жатақханамен қамту мәселесі қаралды. Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңеске орталық мемлекеттік органдардың өкілдері мен облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұловтың айтуынша, биыл 10 576 орынға шақталған 27 жатақхананы қолданысқа беру жоспарланған. Олардың 19-ы жоғары оқу орындарына, 8-і колледждердің студенттеріне салынуға тиіс еді.
Қазір 1 540 орынға арналған 7 жатақханада тиісті жұмыстар толығымен аяқталған, келесі оқу жылына студенттерді қабылдауға әзір. Құрылыс немесе реконструкция жұмыстарын жүргізу бойынша облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда жол карталары дайындалды. Жоспарланған нысандардың дені қыркүйекке дейін пайдалануға берілмек, – деді Талғат Ешенқұлов.
Жиында әр нысандағы жұмыс қарқыны жекелей қарастырылды. Ғылым және жоғары білім вице-министрі бүгінде құрылыс, реконструкция қарастырылған ғимараттардың басым көпшілігінде жұмыс 75%-дан аса орындалғанын жеткізді.
Үш нысандағы тиісті жұмыстар 50% шамасында атқарылған. Олар Алматы қаласы мен Ақмола, Қызылорда облыстарына тиесілі. Аймақ әкімдерінің орынбасарлары барлық шара жоспарға сай аяқталады деп отыр.
Тамара Дүйсенова мәселенің маңыздылығына ерекше тоқталып, тиісті тапсырма берді.
Құрылыс маусымының уақыты шектеулі. Сондықтан жауапты министрліктермен қатар, облыс әкімдіктері жұмыстың уақтылы әрі сапалы атқарылуын тұрақты түрде қадағалауы керек. Нысандардағы құрылыс, реконструкция шараларының қарқынын апта сайын қарастыратын боламыз. Бұл жұмысқа жеке кәсіпкерлердің қызығушылығы жоғары екені байқалады. Сол себепті жатақхана салуға ниетті бизнес өкілдеріне қажетті жағдай жасауға қатысты шараларды қарастыру қажет, – деді вице-премьер.
Студенттерді жатақханамен қамту жұмысы лайықты істеліп жатыр. Былтыр 10 304 орынға арналған 43 ғимарат пайдалануға берілген. Алайда демографиялық өсім қосымша орындарды қарастыруды қажет етеді. Осы ретте Ғылым және жоғары білім министрлігі ұзақмерзімді жоспарлауды қолға алды.