×

СҚО-да ауыл ішіне құтырған түлкі кіріп кеткен

Ол аузынан сілекейі ағып, адамға қарсы ұмтылыпты

 Еркеғали Болатұлы 05.06.2024 | 15:27
фото: Martin Woods

Солтүстік Қазақстан облысында ауыл тұрғынының қорасына кіріп кеткен түлкіден құтырма ауруы анықталды.

СҚО ветеринария басқармасының мәліметінше, оқиға Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Старобелка елді мекенінде болған. Үйдің ауласына кірген түлкіні тұрғын қораға қамап, бірден ветеринарлық қызметке хабар берген.

Түлкінің ауру екені сыртқы белгілерінен-ақ көрініп тұрды. Шабуылдап, аузынан сілекей ақты. Сондықтан өлтіруге тура келді. 3 маусымда зертхана қорытындысы келіп, жыртқыш аңда құтырма ауруы болғаны расталды, - дейді ведомствоның баспасөз хатшысы Аманжол Нұртазин.

Ауыл тұрғынының айтуынша, ветеринарлық талаптарға сәйкес оның ауласына шектеу шарасы қолданылмақ.

Бірлік ауылдық округінің әкімі тұрғын үй аумағында шектеу шараларын белгілеу туралы шешім қабылдайды. Осыдан кейін республикалық эпизоотиялық отряд вирустың таралуына жол бермеу мақсатында түлкі тұрған қораны және ауланы дезинфекциялайды. Бұдан бөлек, тұрғынның барлық үй жануарына – 8 қой, 2 мысық пен итіне құтырма ауруына қарсы екпе егіледі, - деді Аманжол Нұртазин.

Еске сала кетсек, СҚО-да соңғы рет құтырма ауруы 2021 жылы тіркелген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама