×

Күмән тудыратын 2 трлн теңгеге жуық транзакциялар тексеріліп жатыр

Мемлекет пайдасына 375 млрд теңгеден асатын активтер қайтарылды

 Дастан Жұмабекұлы 05.06.2024 | 10:56
Фото: 7kun.kz

Бас прокуратура мемлекет басшысының заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін басқа да жауапты мемлекеттік органдармен бірігіп, жұмыс істеп жатыр, деп хабарлады ведомство.

Негізгі мақсат – мұндай активтерді Қазақстан тұрғындарының игілігі үшін заңды айналымға шұғыл тарту. Активтерді қайтару процесі қатаң түрде заңға және заңның өлшемшарттарына сәйкес келетін адамдарға ғана қатысты жүргізіліп жатыр. Қазір Бас прокуратура елдегі 1 мыңнан астам және шетелдегі 150-ден астам мүлік объектілері туралы мәлімет жинап, жұмыс істеуде. Сонымен бірге тағы 600 млрд теңгенің бағалы қағаздарының қайдан шыққаны туралы мәлімет анықталып жатыр. Жалпы, елімізде 200-ден астам және шетелде 140 банк шоттары анықталды. 2 трлн теңгеге жуық күдікті транзакциялар тексерілуде, – делінген хабарламада.

Прокуратураның мәліметіне қарағанда, осы жұмыстың нәтижесінде премьер-министрдің басшылығымен комиссия 325 млрд теңгеден астам активтерді мемлекетке қайтару туралы келісімдер мен талап қоюларды мақұлдады. Оның ішінде 272 млрд теңге теңгеріміндегі ақшалай қаражат бар. Олар маңызды әлеуметтік және экономикалық жобаларды іске асыруға бағытталатын болады.

Сондай-ақ еліміздегі және шетелдегі құны 50 млрд теңгеден асатын активтер мемлекетке берілді. Олардың ішінде бірқатар стратегиялық кен орындары, монополистік компаниялар, ондаған мың гектар жер, сондай-ақ өндіріс объектілері, қонақ үйлер, бизнес орталықтары, виллалар, пәтерлер, сәнді көліктер, зергерлік бұйымдар мен басқа да заттар бар.

Бұдан басқа, тізілімнің кейбір субъектілері өз еркімен жалпы құны 30 млрд теңге болатын жоғары технологиялық инвестициялық жобаларды іске асыруға міндеттеме алды. Олардың ішінде құбырлар, қаптамалар, химиялық, азық-түлік және басқа да өнімдерді шығаратын өндіріс объектілер бар. Осылайша, кемінде 300 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Жылдық салық төлемдері 1 млрд теңгеден астам болуға тиіс.

Активтерді қайтару процесінің тағы бір маңызды бөлігі – әлеуметтік жобаларды іске асыру. Мәселен, тізілімдегі тұлғалар өз еркімен қызметтерін ерекше қажеттіліктері бар адамдар және басқа да әлеуметтік осал топтар тегін пайдалана алатын, құны 5 млрд теңгеден асатын заманауи мәдени-ағарту орталығын салуға міндеттеме алды.

Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің мәжбүрлеп қайтару тетіктерін іске асыру шеңберінде көптеген, оның ішінде пайда болуы түсініксіз активтерге қатысты талап қоюлар берілді.

Олардың бірі бойынша 11 млн АҚШ долларынан астам қаржыны, сондай-ақ 400 млн теңгенің зергерлік бұйымдары мен мәдени құндылықтарды мәжбүрлеп қайтару туралы сот шешімі қабылданып, күшіне енді. Жалпы, 2022 жылдан бастап экономиканы демонополизациялау шараларын қоса алғанда, жалпы сомасы шамамен 1,7 трлн теңгенің активтері, оның ішінде шетелден 750 млн АҚШ доллары мемлекетке қайтарылды, – делінген хабарламада.

Бұл бағыттағы жұмыстар әлі жалғасып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама