Астанаға кіреберісте есірткі таратқан адамдар ұсталды
Бұл заттар арнайы сараптамадан өткізгенде 2 келі «Альфа – PVP» есірткісі болып шықты
Астана полицейлері көшеде синтетикалық есірткі таратып жүрген 2 адамды ұстады.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде полиция қызметкерлері Астана қаласы бойынша ҰҚКД қызметкерлерімен бірігіп, Астана-Павлодар тасжолындағы бақылау-өткізу пунктінде Chevrolet Cobalt көлігінің 37 жастағы жүргізушісі мен оның жанында отырған 23 жастағы ер адамды ұстаған.
Полицейлер көлік салонын тінту кезінде жолаушылар орындығының астынан консистенциялы ашық түсті заты бар екі пластик пакет, пышақ пен екі телефонды тапқан. Бұл заттар арнайы сараптамадан өткізгенде 2 келі «Альфа – PVP» есірткісі болып шықты.
Анықтай келгенде, олардың Павлодарға тыйым салынған заттарды тасымалдап жүргені және есірткі заттарды тарататын интернет-дүкендердің курьерлері екені анықталды. Осы факті бойынша аса ірі көлемде есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды», – делінген хабарламада.
Ұсталғандар Астана қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.