СІМ Ақорданың Палестина мемлекетін құру туралы ұстанымын растады
Еліміз халықаралық қауымдастықтың Таяу Шығыстағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған күш-жігерін барынша қолдайды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі хабарлады.
Ақ үйдің Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату, кепілге алынған адамдарды босату, гуманитарлық көмекті қамтамасыз ету, сондай-ақ халықаралық қоғамдастықтың қолдауымен Газа секторын қалпына келтіру туралы негізгі ережелерден тұратын бейбітшілік бастамасын құптаймыз. Ұсынылған шаралар іске асырылған жағдайда, олар бейбіт тұрғындардың қазасы мен құрбандар санын тоқтатуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ өңірде бейбітшілік орнауының алғышарты бола алады деген үміт білдіреміз, – делінген хабарладама.
Сонымен бірге Сыртқы істер министрлігі еліміздің ұзақ жылға созылған қақтығыстың жалғыз шешімі ретінде «екі халық үшін – екі мемлекет» формуласы негізінде астанасы Шығыс Иерусалим деп белгіленген Палестина мемлекетін құру туралы мызғымас ұстанымын растады.