Су тасқынынан зардап шеккен 717 отбасына жаңа үй мен пәтер берілді
34 шағын және орта бизнес субъектісінің жалпы сомасы 377 млн теңгелік шығыны өтелді
Үкімет су тасқынының салдарын жою және зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек көрсету жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлады primeminister.kz
31 552 отбасы 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды.
717 отбасы қираған баспанасының орнына жаңа үй мен пәтерге ие болды. Мәселен, Қостанай облысының тұрғындарына 298 үй мен пәтер ұсынылса, Ақмола облысында 85, Ақтөбе облысында 121, Солтүстік Қазақстан облысында 135, Батыс Қазақстан облысында 70, Қарағанды облысында 6, Павлодар облысында 2 жаңа баспана берілді.
Жалпы, зардап шеккен тұрғындарға арнап шамамен 1 862 жаңа үй салынып жатыр. Ал 3 981 отбасы тұрғын үйін жөндеуге және қалпына келтіруге өтемақы алды. 5 066 отбасына жоғалған аса қажетті дүние-мүлкін сатып алу үшін 150 АЕК мөлшерінде қосымша көмек көрсетілді, - делінген хабарламада.
Бұдан басқа, зардап шеккен 34 шағын және орта бизнес субъектісінің жалпы сомасы 377 млн теңгелік шығыны өтелді. Барлық облыста өңірлік және аудандық комиссиялар жұмыс істеп жатыр. Шығындарды өтеу және құжаттарды тапсыру тәртібін түсіндіру үшін 1432 нөмірі бойынша «Атамекен» ҚР ҰКП «жедел желісі» іске қосылған.