Halyq Uni логотип
×

«Босатыңдар деп қорқытады»: Алматыда барахолка саудагерлері бас көтерді

Экс-қожайын кәсіпкерлердің қаражатын иемденіп, ғимаратты заңсыз тұрғызған

 Халық үні 05.06.2024 | 08:30
«Босатыңдар деп қорқытады»: Алматыда барахолка саудагерлері бас көтерді
фото: видеодан скриншот

Алматы барахолкасында шу шықты – базардағы саудагерлер жаңа басшылықтың әрекетімен келіспейтінін айтып, бас көтерді, деп хабарлады КТК арнасы.

Телеарна мәліметінше, Алматыда барахолка саудагерлері сауда нысанының басшылығы бутиктерін мөрлеп, электр жарығын өшіргеніне наразы. Олардың айтуынша, базардың жаңа қожайыны осы арқылы мәжбүрлі түрде жалға алу келісім шартына қол қойдыртпақ. Ал кәсіпкерлер өзін жалға алушы емес, дүңгіршекердің толық иесі екенін айтады. Саудагерлер «Келісімге қол қойсақ, далада қаламыз ба?» деп алаңдайды

Менде клуб картасы бар. Бізге оны 2015 жылы құрылыс аяқталған соң берген. Клуб картасында бутиктің иесі екендігім айдан-анық жазылған. Бұл бутикті тартып алып, мүлдем басқа адамға қайта сатып жібере ме деп қорқамын. Бұл табыстың жалғыз көзі болып тұр. Менде ипотека бар. Балаларым мен немерелерімді асырау үшін бутикті де несиеге алдым, - дейді Маргарита Зубкова.

Ал кәсіпкер Сәуле Абдулина әу баста ғимараттың құрылысы мен ішкі жөндеу жұмысына 200 мың доллар жұмсағанын айтады. Тіпті сауда нысанының алғашқы иесі ретінде сол кездегі базар әкімшілігі кәсіпкерге «меншік иесі» деген карта да берген. Сондықтан әйел «жылы орнымнан кетпеймін» дейді.

Жексенбі күні қыздарға ескертпе жібереді. «Келісімшартқа қол қоймасаңыздар, босатыңыздар» деген... Қайсар деген менің бутигіме келіп, мені қорқыта бастайды. «Сен кімсің, қолыңнан ештеңе келмейді, меморганның бәрі біздің артымызда тұр, біз тұрғанда, сіздер ешкім емессіңдеп, шығып кетесіңдер» деп қорқытады,«Сенен қорықпаймын, бұл ғимаратты көтердім, өз үлесімді қостым, біздегі 67 адамнан 5 жарым миллион доллар ақша шығып, сендер бізді қайда қумақсыңдар» дедім,  - дейді Сәуле Абдулина.

Саудагерлердің сөзінше, экс-қожайын кәсіпкерлердің қаражатын иемденіп, ғимаратты заңсыз тұрғызған. Тіпті саудагерлермен келісімшартқа да отырмапты. Соның салдарынан кәсіпкерлер меншік иесі емес, жалға алушы болып сауда жасап келген.

«Саудагерлердің сөзінде негіз жоқ. Өйткені бізге дейінгі кәсіпкер арасында саудагерлермен келіспеушіліктер болған. Тіпті іс сотқа дейін барған. Соттың өзі саудагерлердің сөзін растамады, талаптарын жоққа шығарды. Ал біз, өз кезегімізде, кәсіпкерлерді жалға алушы ретінде тіркеп, олардан жалға алу ақысы мен коммуналдық төлемді талап етеміз. Бүгінге дейін төлемегендерін осылайша жауып тастап жатырмыз», - дейді «Диви» ЖШС заң бөлімінің басшысы Қайсар Жамулдин.

Осылайша ұлардай шулаған кәсіпкерлердің мәселесі шешілмеді. Базар басшылығы өз талаптарын өзгертпейтінін айтып отыр.«Саудагерлер көнбесе, орынды босатсын» деп, әңгімені қысқа қайырды. Алайда 10 жылдан бері осы жерден нәпақасын тауып келгендер жаңа қожайынның сөзімен еш келіспейтінін айтып тарқасты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама