Шымкенттегі елді дүрліктірген оқиға: тың дерек шықты

Халық үні

Балалармен психолог мамандары жұмыс істеп жатыр

Коллаж: kazinform

Шымкентте асырап алған балаларына жауыздық танытты деп күдікке ілінген емші ісінен соң білім саласының бірқатар қызметкері жазаланды. Өгей әкесі ит пен мысық етін беріп, зәрін ішкізді делінген жасөспірім бала оқитын мектеп директорын жұмыстан босату мәселесі қаралып жатыр. 

Қалалық білім басқармасы қамқоршылық және қорғаншылық бөлімінің басшысы Нұрдәулет Абылаевтың айтуынша, педагогтер асыранды балалардың қиын жағдайда өмір сүріп жатқанын бұған дейін білген және дер кезінде дабыл қақпаған. Осы әрекеті үшін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, жасөспірім баланың сынып жетекшісі, педагог психолог, әлеуметтік педагогке қатаң ескерту түріндегі тәртіптік шара қолданылған. 

Асырап алуға берілген бала мектепке немесе балабақшаға барса, біз ондағы мамандармен күнделікті байланыстамыз. Олар қандай бар жайттарды байқаса, дереу бізге хабар беруі керек. Жасөспірім бала өміріндегі қиындықтары туралы мектепке бірнеше ай бұрын айтқан. Алайда мектеп бізден жасырған. Қазір білім басқармасы тарапынан мектеп директорын арнайы баппен жұмыстан босату мәселесі қаралып жатыр, - деді Нұрдәулет Абылаев.

Бөлім басшысы Шымкенттегі балалар үйі мен Астана, Алматы және Өскемендегі бөбектер үйінің тәрбиеленушілері республика бойынша балаларды асырап алуға ниетті үміткерлер базасы арқылы таңдап алынғанын айтты. Шымкенттік емші мен оның әйелі 6 баланың барлығын патронаттық тәрбиеге алған, кейін оның екеуін сот шешімімен заң аясында асырап алған. Қалған төртеуі қамқорлықтарында қала берген.

Нұрдәулет Абылаев қорғаншылық қызметкерлері бекітілген талап бойынша бұл балалар тұратын отбасыға барып, тексеру жұмыстарын жүргізгенін алға тартты.

«Мемлекеттік қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларын жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы Үкіметтің №382 қаулысы бар. Соған сәйкес біз 6 айда бір рет бала қамқорлыққа берілген мекенжайға барып, тексеру жұмыстарын жасаймыз. Біздің қызметкерлер былтыр қазан айында бұл мекенжайға барған. Ол кезде үлкен бала үйде болмаған, қалған балалардың киімдері бүтін, сырттай қарағанда дене жарақаттары байқалмаған. Біз белгілі бір шағым түспесе және жауапты арнайы орган өкілдерінсіз олардың киімін шешіп, тексеру жүргізе алмаймыз», - деді ол.

Арнайы комиссия акт толтырып, өгей әке тарапынан жауыздық көрді делінген балаларды 13 ақпанда (сейсенбі күні: авт) бұл отбасынан алып кеткен. Оның екеуі кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына, қалған төртеуі бөбектер үйіне орналастырылған. Бір қызығы, бөлім басшысы балалардың жағдайы туралы хабарды жұма күні (9 ақпанда: авт) естідік, бірақ ол күні жұмыс аптасының соңы болған соң, барып үлгермегенін айтып отыр.

Білім басқармасы аталған оқиғаға қатысты арнайы баспасөз мәслихат ұйымдастырып, сол кезде барлық сұраққа жауап береміз деп уәде етті.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасындағылар балалар медициналық тексеруден өткен кезде денелерінде ұрып-соғу белгілері, көптеген көгерулер, жаралар, сызаттар және кішкентай тыртықтар болғанын айтты.

«Оларға дер кезінде медициналық емдік шаралар тағайындалды. Бүгінгі таңда түрлі дәрумендерді, емдік массаждар қабылдауда. Олармен психолог мамандары да жұмыс істеп жатыр. Бөбектер үйіндегі бүлдіршіндер күнделікті монтессори сабақтарына қатысуда. Қазіргі таңда олар салмақ қосып, жағдайы жақсарды. Дендері сау», - деді денсаулық басқармасындағылар.