Мемлекет басшысы жаңа елшіні тағайындады
Талғат Шалданбай Қазақстанның Жидда қаласындағы консулдығының бас консулы қызметін атқарды
Мемлекет басшысының жарлығымен Талғат Шалданбай Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындалды.
Талғат Шалданбай 1967 жылы 2 шілдеде Алматы облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін қазақ тілі мен әдебиеті және араб тілі пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. 2000 жылы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын аяқтаған.
Дипломатиялық қызметін 1993 жылы Сыртқы істер министрлігі Консулдық департаментінің ассистенті болып бастады. Одан кейін осы бөлімде атташе, үшінші хатшы болып қызмет етті.
1996 жылы Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшілігіне үшінші хатшы ретінде жіберілді.
2000-2002 жылдары Сыртқы істер министрлігінің екіжақты ынтымақтастық департаментінде екінші хатшы болып жұмыс істеді.
2002-2007 жылдары Қазақстанның Дубайдағы Бас консулдығында екінші және бірінші хатшы, одан кейін БАӘ-дегі Қазақстан елшілігінде кеңесші болды.
2007-2010 жылдары Азия, Таяу Шығыс және Африка департаментінде кеңесші және бөлім меңгерушісі, сондай-ақ Консулдық қызмет департаментінің Таяу және Орта Шығыс, Африка және Азия бөлімшесінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Кейін Сауд Арабиясындағы елшілікке консул-кеңесші қызметіне жіберілді.
2012-2015 жылдары Қазақстанның Мысырдағы Елшілігінде министр-кеңесші қызметін атқарды.
2015-2017 жылдары Сыртқы істер министрлігінің Пан-азиялық ынтымақтастық департаментінің ИЫҰ департаментін басқарды.
2017 жылдан 2019 жылға дейін Қазақстанның Сауд Арабиясының Жидда қаласындағы консулдығының басшысы мен бас консулы қызметін атқарды.
Бүгін сондай-ақ, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Тимур Мекешұлы Жақсылықов Қазақстанның Беларусь Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі, ТМД Жарғылық органдарының жанындағы тұрақты өкіл қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды. Ол бұған дейін ұлттық экономика бірінші вице-министрі болып қызмет етті.