Келісімшарт құпия түрде сақталып, жаттықтырушының айлығы жария етілмейді
Қазақстан футбол федерациясы әлеуметтік желіде ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы болып тағайындалған Ресей азаматы Станислав Черчесовтың алатын жалақысы туралы тараған ақпаратқа қатысты ресми мәлімдеме жасады.
Кейбір ақпарат көздері Черчесов жылына 1,2 млн еуроға жуық ақша алады деп жазған. Әлеуметтік желідегі ақпаратқа қарағанда, оның айлығын теңгеге шаққанда, 1 168 800 000 теңге болады. ҚФФ бұл ақпаратты растамады.
Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының жаңа бас жаттықтырушысы Станислав Черчесовтың жалақысы туралы ақпарат асыра көрсетілген және шынайылыққа сәйкес келмейді. Келісімшарттың құпиялығын сақтай отырып, жаттықтырушының жалақысы жария етілмейтінін хабарлаймыз. Келісімшарт бюджет тарапынан қаржыландырылмайды. Ал Магомед Адиевпен келісімшарт екі жақтың келісімімен тоқтатылды, – делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, кеше Станислав Черчесовтың футболдан Қазақстан ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы қызметіне тағайындалғаны хабарланған болатын.