Адамдарға көмек шұғыл көрсетілген
Елордада тұрғындар SOS батырмасын басып, полициядан көмек сұрады, деп хабарлады Polisia.kz.
Тәртіп сақшылары жариялаған видеодан ер адамның дабыл батырмасын басқанын көруге болады. Ол 5 жасар қызды тауып алғанын айтып, полицейлерден көмек сұраған. Осылайша, олар бүлдіршіннің ата-анасын табуға көмектескен.
Сондай-ақ вокзал маңында әйел SOS батырмасын басуға мәжбүр болған. Ол ауыр жағдайдағы қарт кісіге көмек керектігін айтқан. Жақын маңдағы полиция тұрғынды тез арада ауруханаға жеткізген.
Орталық жағалауға жақын жерде 14 жастағы жасөспірім SOS батырмасын басып, інісінің жоғалып кеткенін айтқан. Полиция қызметкерлері баланы тез арада тапқан.
Сонымен қатар Жерұйық саябағында SOS батырмасын екі әйел басты. Олар ересектердің қарауынсыз жүрген балаларды тапқанын жеткізген. Полицейлер бұл өтінішті де назардан тыс қалдырмады.
Жалпы, жыл басынан бері қазақстандықтар SOS батырмасын 40 рет басып, полициядан көмек сұраған.