БҚО-да су тасқынынан зардап шеккендерге арналған 400-ге жуық үйдің құрылысы басталды
Жергілікті кәсіпкерлер де қаржы бөлуге көмектеседі
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында су тасқынынан зарлап шеккен үйлерді бағалау және техникалық байқаудан өткізу бойынша кеңес өткізді, деп хабарлады ведомство.
Сондай-ақ құрылысшыларды қажетті көлемде құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету және жаңа құрылыс алаңдарына бөлінген нысандарды орналастыру мәселелері де талқыланды.
Батыс Қазақстан облысында қазірдің өзінде 398 үйдің құрылысы басталып, 726 үйде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 57 үй сатып алынған. Бүгінде 2 761 нысанда техникалық байқау аяқталып, нәтижесінде 401-нысанды қайта салу, 1063-ін сатып алу туралы шешім қабылданып, қалған нысандар жөндеуге жатады деп танылды, – делінген хабарламада.
Жалпы, Батыс Қазақстан облысында су тасқыны салдарынан 4 041 үй зардап шексе, оның 1 491-і – тұрғын үй, 2 550-і – саяжай. Бәрі тұрғындардың жалғыз-ақ баспанасы болған.
Сондай-ақ министр Батыс Қазақстан облысындағы су тасқынынан зардап шеккендерге қаржы бөлуге көмектесуге ниет білдірген бизнес өкілдерімен кездесу өткізді. Оларға азаматтық ұстанымдары мен қаржылай қолдауға зәру отандастарымызға деген қамқорлығы үшін алғыс білдірді.