Бұл қылмыс үшін мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған
Ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген күдікпен іздеуде жүрген қазақстандық Біріккен Араб Әмірліктерінен елге жеткізілді, деп хабарлады Бас прокуратура.
Бүгін Бас прокуратура мен Интерпол қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің көмегімен БАӘ-ден алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқырған күдіктіні экстрадициялады. Ол қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Күдікті 2010 жылғы қазанда жәбірленушіден АҚШ-тан «Роллс-Ройс» маркалы автокөлікті жеткізіп беремін деп 50 млн теңгеден астам ақшасын алып, қашып кеткен. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, халықаралық іздеу жарияланған.
Күдікті Қазақстанның құқық қорғау органдарынан 10 жылдан астам уақыт бойы жасырынған. Бұл қылмыс үшін мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Күдіктіні экстрадициялау Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы Қазақстанның бас прокуратурасы дайындаған 2009 жылғы қылмыскерлерді ұстап беру туралы келісімнің арқасында іске асты.