Ақмола облысында алаяқтар бір аптада 18 адамды алдап кеткен
Оларға 20 млн теңгеден астам шығын келтірілді
Осы күндері алаяқтықтың ең көп тараған тәсілдері интернет-сайттардағы және әлеуметтік желілердегі жоқ тауарларды сату және әртүрлі қызметтерді ұсыну туралы хабарландырулар, банктер мен құқық қорғау органдарының жалған қызметкерлерінің ақшалай қаражатты немесе салымды «қауіпсіз шотқа» аударуды ұсынатын қоңыраулары болып отыр.
Өткен аптада Ақмола облысында 18 адам интернет-алаяқтықтың құрбаны болып, оларға 20 млн теңгеден астам шығын келтірілді, – деп хабарлады облыстық прокуратура.
Ұялы байланыс операторының SIM-картаның мерзімін ұзарту мәселесі бойынша қоңырау шалу фактісі тіркеліп, содан кейін алаяқ сілтеме жіберіп, ұялы телефондағы деректерді пайдаланып, несие рәсімдеген.
Мысалы, бір алаяқ зейнеткерді алдаған. Оған белгісіз адам қоңырау шалып, өзін баласы ретінде таныстырған және екі жақтан банк картасының суретін жіберуді, телефон нөміріне келіп түскен құпия сөзді айтуын өтінген.
Әңгіме кезінде зейнеткерге ақшалай несие рәсімделген.
Облыс прокуратурасы азаматтарды қырағы болуға, сатушының сенімділігіне көз жеткізбестен тауар үшін алдын ала төлем жібермеуге, қоңырау шалушыларға сенбеуге, өздерінің жеке мәліметтерін бейтаныс адамдарға бермеуге шақырады.