Соңғы үш жылда сыртқы сауда 160 млрд долларға жетті – Тоқаев
Мемлекет басшысы ДСҰ бас директорымен кездесті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік сауда үйымының бас директоры Нгози Оконджо-Ивеаламен кездесті. Мемлекет басшысы ДСҰ өкіліне ілтипат білдіре отырып, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымымен ынтымақтастықты кеңейтуге айрықша мән беретінін атап өтті.
Сіздің басшылығыңызбен көпжақты халықаралық сауда жүйесінің қазіргі кедергілерді жоюға және тең жағдай жасауға бағытталған үлкен трансформациядан өтетініне сенімдіміз. Сіздің Алматыға сапарыңыздың маңызы зор. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, тығыз ынтымақтастығымыз үшін өзіңізге ризашылығымды білдіргім келеді. Ұйымға мүше елдер министрлерінің 12-ші конференциясына төрағалық ету – Қазақстан үшін үлкен жауапкершілік әрі мәртебе. Аталған жиын барысында ДСҰ мүшелері ұйымды реформалау туралы маңызды шешімдер қабылдай алды, – деді президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, күшейіп келе жатқан жаһандық протекционизм мен сауда шектеулеріне қарамастан, Қазақстан экономикасы ашық ел ретінде өз позициясын нығайта түсуге ұмтылады. Қазір біз әлемнің 180 елімен сауда-саттық жасаймыз. Соңғы 3 жылда еліміздің сыртқы саудасының көлемі 53 пайызға ұлғайып, 160 млрд долларға жетті.
Президент жуырда экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойғанын айтты. Бұл құжат әділ бәсекені күшейтуге, кәсіпкерлік еркіндікті сақтауға және мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтуға бағытталған.
Нгози Оконджо-Ивеала ДСҰ-ға мүше елдер министрлері XII конференциясының төрағасы ретінде халықаралық сауда саласындағы маңызды шешімдерді қабылдауға Қазақстанның қосқан үлесіне лайықты баға берді.
Президент осы күндері Алматыда өтіп жатқан Орталық Азияның сауда саясаты жөніндегі Екінші форумының өңірдегі экономикалық ынтымақтастық пен сауда-саттықты ілгерілету, сондай-ақ көршілес елдерді көпжақты сауда жүйесіне интеграциялау тұрғысынан мәні зор екеніне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Нгози Оконджо-Ивеаланың көпжақты сауда жүйесін және Дүниежүзілік сауда ұйымының рөлін нығайту ісіне қосқан үлесін Қазақстан тарапы жоғары бағалайтынын атап өтіп, оны ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.