Елімізге шетелден әкелінген 60 тоннадан астам қызанақтан вирус анықталды
Түрікменстанның 56,1 тонна, Өзбекстанның 4,2 тонна қызанақ өнімдері кері қайтарылды
Шетелден әкелінген 60 тонна қызанақтан вирус табылып, кері қайтарылды, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті.
Комитет мәліметінше, биыл шет мемлекеттерден жалпы 1075 автокөлікке тиелген 15 637,802 тонна қызанақ өнімі импортталған. Олардың ішінде фитосанитариялық талапқа (фитосанитариялық сертификаттың, таңбаның болмауы) сәйкес келмейтін 29,522 тонна қызанақ өнімдері кері қайтарылған.
Өнімнің жасырын залалдануын анықтау мақсатында, шет елден әкелінген қызанақ, баялды, тәтті бұрыш өнімдерінің әрбір партиясы тиісті карантиндік фитосанитариялық сараптамадан (ПТР) өткізіледі.
Нәтижесінде Түрікменстанның 56,1 тонна, Өзбекстанның 4,2 тонна қызанақ өнімдерінен «қызанақ жемісінің қоңыр қатпарлы вирусы» анықталған. Оларды кіргізуге тыйым салынып, кері қайтарылды.
Еске сала кетсек, бұған дейін Жамбыл облысында Қырғызстаннан Ресейге жөнелтіліп жатқан 39 тонна шіріген шиенің кері қайтарылғанын жазған болатынбыз.