×

Жамбыл облысында Қырғызстанның 39 тонна шіріген шиесі кері қайтарылды

Фитосанитариялық талаптарды бұзғандарға айыппұл салынды

 Еркеғали Болатұлы 03.06.2024 | 11:55
фото: pixabay.com

Жамбыл облысының фитосанитариялық бақылау бекетінде Қырғызстаннан Ресейге жіберілген зақымдалған шие өнімі анықталды. Шиенің ішінде дрозофила дернәсілдері болған.

Карантиндік фитосанитариялық бақылау инспекторлары жүргізген тексеру кезінде шиенің дрозофила зиянкестерінің дернәсілдерімен зақымдануының 2 жағдайы анықталған. Залалданған өнімнің жалпы көлемі 39 тоннадан асты.

ҚР ӘҚБтК-нің 400-бабына сәйкес, фитосанитариялық талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік айыппұлдар салынды. Сонымен қатар карантинге жатқызылған барлық өнім дереу экспорттаушы елге қайтарылды, – деді Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Айта кетсек, дрозофила – кішкентай жеміс шыбындары. Олардың мөлшері шамамен 2-4 миллиметр және салмағы 2 миллиграмм. Олар әдетте қоңыр-сұр түсті болады, ал көздері қызыл. Жұмыртқасы өсімдік тектес субстраттарда дамиды. Олар шіріген көкөніс, жемістермен, ашыған ағаш шырынымен, саңырауқұлақтардың жеміс денелерімен және микрофлораға бай басқа органикалық қалдықтармен қоректенеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама