Қазақ балалары Лука Модричпен хабарласты (ВИДЕО)
Биылғы додада «Оңтүстік» және «Ордабасы» командалары ойнайды
«Оңтүстік» пен «Ордабасы» клубтарының балалар командалары Хорватияның Задар қаласында өтіп жатқан Dalmatinko Cup халықаралық турниріне қатысып жатыр.
Жарыста әлемнің 22 елінен 220 команда бақ сынайды.
Қазақстанның Хорватиядағы елшілігінің қолдауымен 2019 жылдан бастап елдің жастар футбол командалары осы турнирге қатысып, допты игеру шеберлігін арттырып, жаттықтырушылар халықаралық мамандармен тәжірибе алмасады.
Турнирді ұйымдастырушылардың бірі – Хорватия құрамасында ойнаған Қазақстан елшілігінің штаттан тыс кеңесшісі Ивица Пирич. Ол әлемдік футболдың аңызына айналған ойыншысы Лука Модричке бейнеқоңырау шалып, балаларға сәттілік тіледі.
Турнирдің ашылуына Қазақстан елшісі Ақылбек Камалдинов қатысып, балаларға жеңіс тілеп, ұйымдастырушыларға балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту және жас футболшылардың Хорватияға сапарын ұйымдастыруға көңіл бөлгені үшін ризашылығын білдірді. Осындай турнирлерге қатысудың жас футболшыларға тәжірибе жинауға, отандық футболдың деңгейі мен сапасын арттыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Турнирге қатысумен қатар, Қазақстаннан келген жас футболшыларға Хорватиядағы Далмация жағалауында қызықты экскурсиялық бағдарлама ұйымдастырылды.
Dalmatinko Cup балалар турнирі 2016 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді.
2019 жылдан бастап осындай көлемдегі халықаралық жарысқа алғаш рет «Каспий» жасөспірімдер командасы жіберілді. Қазір Dalmatinko Cup турниріне қатысып жатқан командалардың саны көбейіп келеді.
Былтыр елімізден турнирге «Тұран-2013», «Ақтөбе-2013», «Астана-2012», «Ақжайық-2012» мен «Оқжетпес-2012» сияқты 5 команда қатысып, отандастарымыз алғаш рет күміс медаль жеңіп алды.