Қаратөбе, Сырым, Теректі аудандарында жұмысты қыркүйекте аяқтау жоспарланған
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында су тасқынынан зардап шеккендерге арналған тұрғын үй құрылысы нысандарын аралады.
Қаратөбе, Сырым және Теректі аудандарында құрылысты 2024 жылдың қыркүйегінде аяқтау жоспарланған.
Соңғы мәлімет бойынша, Қаратөбе ауданында 97 үй зардап шексе, оның 90-ы – тұруға жарамсыз, 7 үй жөндеуді қажет етеді. Құрылыс сатысында 90 үй, оның 72-сі – жаңа алаңда, 18-і – бұрынғы телімдерде. Сырым ауданында 257 үй зардап шекті: 114-і – тұруға жарамсыз, 149-ы жөндеуді қажет етті. 114 үй құрылыс сатысында, оның 51-і – жаңа телімдерде, 63-і – бұрынғы телімдерде. Теректі ауданында 45 үй зардап шеккен. 23-і –жарамсыз, 21-і жөндеуді қажет етеді, 1-еуі сатып алынған. Жаңа алаңдарда құрылыс сатысындағы 18 үй бар, – делінген министрліктің хабарламасында.
Нысандарды тексеру кезінде Қанат Шарлапаев алаңдарды құрылыс материалдарымен толық қамтамасыз етуді және құрылыс сапасын бақылауды күшейтуді тапсырды.
Бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында бағалау компаниялар мен сарапшылардың жұмысы үшін құрылған мамандандырылған алаңда болды.
Алаң БҚО цифрлық технологиялар басқармасының базасында су тасқынынан зардап шеккен үйлерді техникалық тексерумен және азаматтарға көмек көрсету үдерісін жеделдету мақсатында құрылған.
Қанат Шарлапаев азаматтардың өтініштеріне жедел ден қоюдың маңыздылығын атап өтіп, барлық қажетті іс-шараларды жеделдетуді тапсырды.
Сонымен қатар, министр көмек пен ресурстарды тең бөлу үшін сапалы және нақты техникалық зерттеулер жүргізу қажеттігін айтты.