Биыл Қазақстаннан 25 мың адам көшіп кетті, 7 мың адам көшіп келді
Көші-қон сальдосы – 18 076 адам
Биыл тоғыз айда Қазақстаннан 25,3 мың адам көшіп кеткен. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросынан хабарланды.
Көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерге сәйкес, биыл қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстанға тұрақты тұруға 7 246 адам көшіп келсе, 25 322 азамат елімізден көшіп кеткен. Көші-қон сальдосы – 18 076 адамды құрады.
Көші-қон алмасуы негізінен ТМД мемлекеттері ішінде болып жатыр. ТМД елдерінен келгендердің және сол елдерге кеткендердің көшіп-қонушылардың жалпы санынан үлесі 84,2% және 86,0% құрайды.
Ал ел ішінде қоныс аударатындар саны былтырғы қаңтар-шілдемен салыстырғанда 0,2% артқан. Өңіраралық қоныс аудару бойынша халық көші-қонының оң айырымы еліміздің 4 өңірінде байқалды: Алматы (22 346 адам), Нұр-Сұлтан (21 718 адам), Шымкент (9 568 адам) қалаларында және Маңғыстау облысында (248 адам).