Кішкентай балалардың тілі әлі шықпаған
Шымкентте асыранды балаларын жұмысқа жегіп, әбден қорлады деген ер кісі туралы тың деректер тарады.
Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілі Жаннета Жазықбаева қоғамдық резонанс тудырған оқиғаға қатысты айтылмаған мәліметтерді бөлісті.
Ер кісі 2021 жылы әйелімен бірге алты баланы асырап алған. Өз перзенті болмаған.
Ең үлкенін - Шымкенттегі, қалғанын - Астана, Алматы және Өскемен қалаларындағы балалар үйінен қамқорлығына алған.
Алты баланың екеуі егіз, қалғаны төрт түрлі отбасынан шыққан.
Шымкенттегі балалар үйінің тәрбиеленушісі болған ер бала - үйдің үлкені, қазір жасы 16-да. Қалғандары — 2009, 2021, 2020 жылы туғандар.
Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің қалалық өкіліне Шымкенттегі балалар үйінің директоры хабарласқан.
Айтуынша, бұрынғы тәрбиеленуші бірнеше айдан бері қорлық көріп отырғанын айтып араша сұраған. Бұл жағдайды ести сала директор қалалық білім басқармасына хабар беріпті.
Жаннета Жазықбаеваның айтуынша, басқармадағы қорғаншылық қызметі мамандарының уақыты болмағандықтан араша түсетін адам табылмапты.
Ақпан айында адам шошырлық хабарды ала салысымен Жаннета Жазықбаева білім басқармасына хабарласып, мектеп директорымен байланысқан.
Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторға хабар берген. Арнайы комиссия құрылып, бәрі балалар тұрып жатқан үйге барған.
Бұл отбасының үлкен үйі бар, бірақ оны тек комиссия үшін жасап қойған сияқты. Бәлкім көмір, газ, электр жарығын үнемдеді ме? Ол жағын білмедім. Өздері үш бөлмелі „времянкада“ тұрады. Ана үйдің ішіне кірсеңіз, шошып кетесіз. Қабырғаларына түгел әруақтардың суретін іліп тастаған. Балаларды асырап алған кісі емші екен. Тағы бір „времянкасында“ әлгі емші сонау 80 жылдары қайтыс болған анасына ескерткіш қойып, айналасына сүйектер мен беймәлім шөптерді тастаған. Үй ішінде аң мүйіздерінен көз сүрінеді. Кейін сарайға кірдік. Ол жаққа үш мысықты байлап қойыпты. Ит байласа, бір сәрі. Қатты таң қалдық. Сарай іші ыбырсып жатыр. Барлығын видеоға түсіріп алдық, - дейді Жаннета Жазықбаева.
Арнайы комиссия барғанда үйде ер кісі мен араша сұраған жасөспірім болмаған.
Кейін олар келгенде Жаннета Жазықбаева баланы көріп, қайран қалғанын айтады.
Жас баланың алақанын көрсеңіз, ересек кісінің алақаны сияқты. Әбден қара жұмысқа жегілген. Мен бірден киімін шешкізіп, үсті-басын қарадық. Кір-қожалақ, жуынбағанына алты айдай болған шығар. Үстіне киіп алған тоқылған ақ жемпірі жуылмағаннан сұп-сұр боп кеткен. Денесі көгерген, кісенмен ұрған тыртық іздерін байқадық. Киімдері өте ескі. Басқа балалардың да үсті-басы кір-қожалақ. 5-6 ай жуынбаған соң денесі қышиды ғой. Әбден қасыған, соның іздерін көрдік. Күркілдеп жөтеліп отыр.
Кішкентай балалардың тілі әлі шықпаған. Сөйлей алмайды. Әбден психологиялық қысым көрген. Алты баланың ішінде тек бір қызға ерекше күтіммен қарап келген. Бар жылы-жұмсақты соған берген. Ал қалғандарын адам құрлы көрмеген», -деді Жаннета Жазықбаева.
Арнайы комиссия тоңазытқышта бала жейтін ас табылмағанын, тіпті қора-қора малы бар отбасында айран-сүт болмағанын анықтаған.
Ал балалар киімдеріне деп арналған шкаф іші ыдыс-аяққа толы боп шыққан. Үлкен баланың айтуынша, оларға ит пен мысық сойып, етін жегізген.
Үйдегі кішкене пеш жанынан ораулы жіптер табылған. Жасөспірімнің айтуынша, емші балалар түнде ұйықтағанда үстін қасымасын деп аяқ-қолдарын байлап тастайды екен.
Комиссия мен полиция көзінше ер кісі әлгі жіпті дереу пешке салып жіберген.
Жасөспірімнің комиссия мүшелеріне айтқанына қарағанда, осы үйге келгенде арада бір ай өткенде емші оны сүндетке отырғызып, зәрін ішкізген.
Әлі есін білмейтін кішкентай балаларда жөргек деген мүлдем болмаған. Дәрет жіберіп, бүлдіріп қойса, «жеңдер» деп нәжісін бетіне жағып қорлаған екен.
Бұдан өзге қорадағы төрт түлікке жем беру, қора тазалау жасөспірімнің мойнына жүктелген.
Ол күн сайын таңғы сағат 4-те тұруға мәжбүр болған. Қарны аш, ұйқысы қанбаған оқушы сабақ үстінде үнемі ұйықтап отырған.
Киімі жыртық, үсті-басы кір, денесі көгерген баланы көрген педагогтердің неге үнсіз қалғаны белгісіз.
Жаннета Жазықбаева ұстаздар балаларды асырап алған емшіден қорыққан деп отыр.
Балалардың не жейтін тамағы, не киетін киімі жоқ. Тіпті жатын орны да сай емес деп дереу акт толтырдық. Балаларды алып кеттік. Төртеуін сәбилер үйіне, екеуін кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырдық. Балаларды әкетіп бара жатқан әлгі кісі тым болмағанда бір қызымды қалдырыңдаршы деп өтінді. Ол қыз - жасөспірімнің айтуынша, ерлі-зайыптылар жақсы қарап, бар дәмдісін беріп отырған бүлдіршін, -деді Жаннета Жазықбаева.
Ең сорақысы, балаларды комиссия алып кеткен күні емші Жаннета Жазықбаеваға хабарласып, мәселені өзара шешпек болыпты.
«Менің телефон нөмірімді кімнен алғанын білмеймін, бәлкім сол полицейлер берген шығар. Тыным болмаған соң нөмірін бұғаттап тастадым», - деді ол.
Аталған фактілер фото-видеоға түсіріліп, іс құзырлы органдарға өткен.
«Материалдарды тапсырдық. Бір аптадай уақыт өтті, полиция тым-тырыс. Кейін Қылмыстық кодекстің 140-бабымен (кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау) іс қозғады. Балалар омбудсмені Динара Зәкиеваға хабарласып, барлық мән-жайды айтып отырдым. Ол кісі Бас прокуратура, ІІМ-мен байланысқа шығып, Қылмыстық кодекстің 110-бабымен (азаптау) іс қозғалды. Кім біледі, әйтпесе созылып жүре берер ме еді?.. Ер кісі екі айға қамауға алынды. Наурыз, сәуірде қамауда болыпты. Естіп жатырмын, мамыр айында шығып, Алматыдағы психдиспансерге жатыпты. Ауытқуы бар деген диагнозды қалпына келтірмекші шығар. Шынымен ауытқуы бар ма, жоқ па? Егер болса, бала асырап алуға кім рұқсат берді? Оған тиісті органдар өздері жауап берсін. Бірақ полиция жауап алу кезінде оның інісі ол 10 жыл бұрын адам емдеп отырып, бір әйелді өлтіріп алғанын айтты. Сол кезде психологиялық ауытқуы бар деген анықтамамен жазадан құтылған екен», - дейді Жаннета Жазықбаева.
Омбудсменнің қалалық өкілі қазір балалардың жағдайы жақсы екенін, олармен психологтар жұмыс істеп жатқанын айтты.
Үлкені балалар үйіне қайта оралғысы келіп отыр. Бірақ балалардың алдағы тағдырын сот шешеді.
Қазіргі қылмыстық істі тергеу аяқталып, сотқа жолданды.