Жалғас Жұмағұлов UFC-де тағы да жеңіліп қалды
Бұл Жұмағұловтың спорттық мансабындағы 7-інші жеңілісі және америкалық промоушендегі бес жекпе-жектегі төртінші жеңілісі
Қазақстандық файтер Жалғас Жұмағұлов (14-7) UFC Vegas 56 турнирінде америкалық Джефф Молинамен өткен жекпе-жекте жеңіліп қалды.
Үш раундқа есептелген жекпе-жек 29:28, 28:29, 30:27 есебінде төрешілер шешімімен 24 жастағы америкалықтың жеңісімен аяқталды.
Еске салсақ, 33 жастағы қазақстандық спортшының салмағы – 57,15 келі. Бұл Жұмағұловтың спорттық мансабындағы 7-інші жеңілісі және америкалық промоушендегі бес жекпе-жектегі төртінші жеңілісі. Ол бұған дейін UFC-дегі төрт жекпе-жектің біреуінде ғана жеңіске жеткен. Биылғы желтоқсан айында өткен соңғы жекпе-жегінде анголалық Манел Кападан (17-6) бірінші раундта нокаутпен ұтылған болатын.
Ал қарсыласы Джефф Молина бұған дейін UFC-де екі жекпе-жек өткізіп, екеуінде де жеңіске жеткен спортшы. 2021 жылдың қазан айында өткен жекпе-жектің екінші раундында бразилиялық Даниэль Ласердюді (11-3) нокаутқа түсірген.