«39 градус ыстық»: Синоптиктер маусым айы қандай болатынын айтты

Халық үні

Қазақстан бойынша 2024 жылғы маусымға арналған ауа райы болжамы ұсынылды

Коллаж: telegraf.com.ua

«Қазгидромет» мамандарының сөзінше, маусым айында республиканың басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы норма шамасында, батыста және елдің оңтүстік жартысында нормадан 1° жоғары болады деп күтілуде.

Маусым айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде норма шамасында, Атырау, Маңғыстау облысында, Батыс Қазақстан облысының басым бөлігінде, Қызылорда облысында, Ақтөбе облысының оңтүстік-батысында нормадан аз болады деп болжануда. Маусым айында атмосфералық фронттардың өтуімен жаңбыр кей күндері қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ, қатты жел күтіледі, - делінген хабарламада.

Маусымның бірінші онкүндігінде Қазақстанның солтүстік, орталық, шығыс және оңтүстік-шығыс облыстарында Жерорта теңізінің шығыс жағалауынан және Орта Азиядан жылы ауа массаларының шығуымен ауа температурасының жоғарылауы күтілуде:

еліміздің солтүстігінде, орталығында түнде +2+10°С-тан +12+20°С-қа дейін, күндіз +13+20°С-тан +22+30°С-қа дейін;

шығыста түнде +2+7°С-тан +13+18°С-қа дейін, күндіз +13+18°С-тан +23+30°С-қа дейін;

оңтүстік-шығыста түнде +7+12°С-тан +12+20°С-қа дейін, күндіз +22+30°С-тан +25+37°С-қа дейін.

Батыс және оңтүстік аймақтарда температураның негізгі фоны болжанады:

елдің батысында, солтүстік-батысында (Ақтөбе облысы) түнде +15+25°С, күндіз +25+38°С;

оңтүстік-батыста түнде +20+28°С, күндіз +30+39°С;

оңтүстік өңірлерде түнде +12+17°С, күндіз +27+38°С;

Бірінші онкүндіктің соңында елдің басым бөлігінде аптап ыстықтың бәсендеуі күтіледі. Маусымның екінші және үшінші онкүндігінде ауа температурасының солтүстік, орталық және шығыс облыстарда күндіз +20+25°С-тан +30+38°С-қа дейін, ал батыс, оңтүстік өңірлерде 25+30°С-тан 34+39°С-қа дейін ауытқуы болжануда.