Астанада боччадан Қазақстан чемпионаты аяқталды
Биыл қатысушылардың саны 2 есе өскен
Елордада боччадан III Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлады бочча федерациясының баспасөз қызметі.
Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өткен чемпионатқа 12 облыстан 89 спортшы қатысты. Жарыс 6 күнге созылды: 26-31 мамыр аралығы.
Спортшылар жеке, жұптық және командалық сайыстарда өз өнерін көрсетті.
Жасөспірімдер арасындағы жекелей сында жетісулық Аманай Батхонов пен Мұратхан Мадияр, павлодарлық Ульяна Кудинова, маңғыстаулық Азамат Аманш пен Ардақ Алтынбасов жоғары нәтиже көрсетті. Олар өз классификациясында жеңімпаз атанды.
Ересектер арасында Абай облысынан келген Балжан Бөлекпаева мен Руслан Ерембаев, жетісулық Қуаныш Асқарбеков, астаналық Итиана Шыңғысханова мен Темірлан Алтынсары, павлодарлық Александр Құрмантаев, қарағандылық Аружан Жеңіс, алматылық Елмирәлі Мұсәлі үздік нәтижемен көзге түсті.
Биыл алғаш рет өткізілген жұптық және командалық сайыстардың жеңімпаздары анықталып жатыр.
Жарысты ұйымдастырушылардың пікірінше, еліміздегі бочча спортын дамытуда айтарлықтай ілгерілеу бар.
Жыл сайын біз қатысушылар мен жанкүйерлердің көбейіп келе жатқанын байқап отырмыз. Бұл осы спортқа қызығушылықтың артқанын көрсетеді. Былтырмен салыстырғанда биыл қатысушылардың саны шамамен 2 есе артты. Бочча спортшылардың физикалық жағдайын жақсартып қана қоймай, олардың әлеуметтенуіне оң әсер етеді, - деді Қазақстан бочча федерациясының вице-президенті Назым Жанғазинова.
Оның айтуынша, биыл федерацияның құрылғанына 3 жыл болған. Осы уақытқа дейін ұйымның 10 филиалы ашылған.
Спортшыларымыз әлемдегі ірі турнирлерге қатысып жүр. Біз халықаралық бочча федерациясының бір тірегіне айналдық, - деді вице-президент.
Сондай-ақ Назым Жанғазинова елімізде инклюзивті қоғамды дамыту үшін еріктілер желісі іске қосылатынын айтты.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдағысы келетін және тұтастай алғанда, инклюзивті қоғамды дамытқысы келетін барлық адамды біздің волонтерлар қоғамдастығына қосылуға шықарамын, - деді федерациясы өкілі.
Айта кетейік, бочча – тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар мен ересектерге арналған паралимпиадалық спорт түрінің бірі.